Арыстанбек Мұхамедиұлының соты қашан өтетіні белгілі болды

Экс-министр, Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты іс сотқа жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының N2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Байқоңыр ауданының N2 соты Мұхамедиұлы А., Нұразхан А.Ш., Көшенов А.К. және Сәдуақасова А.Т.-ға бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен қылмыстық істі қабылдады.

Бұл қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2023 жылғы 17 сәуіріне сағат 10.00-ге ашық сот отырысында белгіленді", - деп хабарлады сот.

2022 жылғы мамырда бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарған еді. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша алтын адам шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлау дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады. 

Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары "Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру" жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Бір жылға жуық уақыт ішінде Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет өзгерді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!