"Тоңазытқыштан кем емес". Алматы облысында көне шкаф 300 долларға бағаланған

"Тоңазытқыштан кем емес". Алматы облысында көне шкаф 300 долларға бағаланған

Бұрын әр үйден ескі ағаш шкафтарды көруге болатын. Осындай көнетоз дүние Алматы облысы тұрғыны Дүйсен Малдыбаевтың үйінде сақтаулы тұр. Өзінің айтуынша, ескі шкафтың сыры кеткенімен, сыны кетпеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл тұрғынының шкафын қымбатқа бағалағандар да болыпты.

"Бұл шкаф Кеңес одағы кезінде шығарылған. Шамасы 50-60-жылдары жасалған болуы керек деп топшылаймын. Өзі керемет. Үйге келген талай адамның көзі түсіп қызығатын. Тоқсаныншы жылдар басында жұмыс жоқ, таршылық кезде бұған 300 доллар ақша ұсынғандар да болды. Сонда да бермедім. Сол уақытта ол - қыруар ақша. Бірақ сатқым келмеді. Бұл ырысы пен берекенің жиһазы ғой. Анамыз шкафқа көмбе нан, сүт, құрт, ірімшік, кілейгей тағы да басқа азық түлік заттарын сақтайтын. Бір қызығы, қазіргі тілмен айтқанда, "климат контролі" бар. Қойған зат бұзылмайды. Тоңазытқыштан кем емес. Ал жазда ішіне толатын зат көп болады. Ескі болса да анамыздың көзіндей көреміз", - дейді Дүйсен Малдыбаев.

Мұндай шкафтар Кеңес Одағы елдерінде кең тараған. Шеберлер жиһазды барынша сапалы әрі бір-біріне ұқсамайтындай етіп жасауға тырысқан. Материалға аққайың, емен ағаштары қолданылған.

Қазір осындай көне заттарға антиквар жинаушылар қызығады. Олар ескі заттарды сатып алып, әрлеп, сырлап коллекциясына қосады. Нарықта ескі шкафтардың бағасы шамамен 100 доллардан басталып 2000 доларға жетеді.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова