Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін

Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандар 3 жылға дейін сотталуы мүмкін

Түркістан облысында жұлуға тыйым салынған қызғалдақтарды теріп жүрген тұрғындардың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Полиция бұл адамдарды ұстауға арналған жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құқық қорғау органдарының өкілдері табиғаттың әсем көрінісіне зиян келтіргендер жазасыз қалмайтынын жеткізді.

"Бүгінде бұл жайт бойынша бейнежазбадағы азаматтардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Грейг қызғалдақтарын қызықтап, демалып, суретке түсу үшін келген азаматтар мен қонақтарға бұл өсімдіктің Қызыл кітапқа енгенін, ол үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Осы баптың санкциялары 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұлды немесе сол мөлшердегі түзеу жұмыстарын, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді", - деді Түркістан облысының ПД баспасөз хатшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова