Астанада қару-жарақ ұстайтын тұрғындар жыл сайын 500-ге көбейіп жатыр

Астанада қару ұстайтын тұрғындардың саны көбейіп жатыр. Бұл туралы астананың полиция департаментінің ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Азамат Әмен айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство өкілінің сөзінше, қалада түрлі мақсатта қару ұстайтындар көбейген. 

"Астанада қару-жарақ ұстайтын тұрғындар жыл сайын 500-ге көбейіп жатыр. Бұл қаруға деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Біреулер суық қаруды жеке басын қорғау үшін алса, тағы біреулері құжатына спорт үшін деп көрсеткен. Аң аулау мақсатында атыс қаруын иеленетіндер де жеткілікті. Қару ұстауға осы үш мақсатта ғана рұқсат етілген", - дейді Азамат Әмен.

Алайда департамент өкілі қала аумағында қару-жарақ көмегімен жасалатын қылмыс көрсеткіші кемігенін мәлімдеді.

"Астанада мұндай бағыттағы қылмыстық оқиғалар біршама азайған. Оның үстіне, біздің ведомство 2015 жылдан бері травматикалық қаруларды сатып алу акциясын ұйымдастырып жүр. Сондықтан қарумен жасалған қылмыстар саны төмендеді дей аламыз. Білім беру мекемелерінде де қару-жарақты қолданудың қылмыстық жауапкершілігін көрсететін профилактикалық шаралар жиі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, қару-жарақ дүкендерінің иелеріне ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады", - деді инспектор.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!