Көкшетауда мектеп оқушысы қоқыс жинайтын робот жасап шығарды      

Көкшетауда мектеп оқушысы қоқыс жинайтын робот жасап шығарды      

Ақмола облысында оқушы қоқыс жинайтын робот құрастырып шығарды. Жас өнертапқыш Краснояр селосындағы №2 орта мектепте оқиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

5-сыныпта оқитын Никита әлемнің ластанып жатқанына байланысты осындай робот жасау қажет деген шешімге келгенін айтады.

"Қазір бұл мәселе аса өзекті. Мен тұратын Краснояр селосында да шашылып жатқан қоқыстар жетерлік. Жалпы әлем тұтастай ластанып жатыр ғой. Сондықтан информатика пәнінің мұғаліміне келіп, өз ойымды айттым. Ұстазым менің идеямды толықтай қолдап, ақылдасып отырып, робот жасауға кірістік. Мұндай робот әлемді ластанудан қорғауға көмегін тигізер еді", - дейді Никита Кузнецов.

Робот LEGO Spike платформасында жасалыпты. Басты ерекшелігі - қоқыс адамның көмегінсіз қоқысжинағыш роботқа алыстан лақтырылып түсіріледі. Одан кейін робот қоқысты сұрыптап, қағаздарды бөлек, пластик шыныларды бөлек өңдейді. Осылайша, қалдықсыз өндіріс қамтамасыз етіліп, қоқысты қайта өңдеу үшін зауытқа жөнелтуге дайын болады.

Никитаның жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Сергей Семенов оқушының өзі осындай идея айтқанын жеткізді.

"Никита, мектептегі робот техникасы үйірмесіне қатысады. Бір күні келіп, әлемді қоқыстан арылту үшін робот құрастыру туралы идеясын айтты. Отырып ақылдастық. Қоқысжинағыш робот ультрадыбыспен жұмыс істеуі тиіс деген қорытындыға келдік. Өйткені әлемде коронавирустың пайда болуы қоқысты адам қолымен ұстағаны жөн болмайды деген ойға жетеледі. Қоқысжинағыш роботқа түсірілген қоқыстан автоматты түрде қағаздары бөлек, темір-терсегі бөлек, пластиктері бөлек жиналады. Бірден қалдықсыз жеке сұрыпталғандықтан қайта өңдеу үшін зауытқа жіберуге де болады", - дейді Сергей Владимирович.

Баланың идеясынан туған қоқысжинағыш роботты жасауға ұстаз бен оқушының жарты жылдай уақыты кеткен. Бірақ бұған өнертапқыш оқушы мен ұстазы еш өкінбейді. Сәуірдің аяғында Никита мен ұстазы Сергей Семенов қоқысжинағыш роботпен ғылыми зерттеу жұмыстары байқауына қатыспақ.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова