"Тексеру жүргізіп, тамырына балта шабу қажет". Ерлан Сайыров Петропавлдағы сепаратизмге қатысты пікір білдірді

Депутат Ерлан Сайыров Мәжілістің жалпы отырысында Петропавлдағы бірқатар азаматтың ҚР Конституциясына қайшы келетін мәлімдемелері қоғам арасында резонанс туғызып, халықты алаңдатып отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Азаматтардың мемлекеттік өзін-өзі сезіну мәселесімен ешбір мемлекеттік орган жүйелі айналысып отырған жоқ, мемлекеттің және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік проблемасы ушығып тұр. Құзырлы органдар мемлекеттің территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге қабілетті жасырын, жасырын емес топтарға қатысты құқықтық тексеру жүргізіп, олардың тамырына балта шабу қажет!" - деді Ерлан Сайыров. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде кейбір "белсенділер" Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы негізінде "Жұмысшылардың халық кеңесі" құрылғанын жариялағаны туралы видеолар мен хабарламалар пайда болды. Сонымен қатар, видеода жиналғандар Қазақстан Республикасын "корпорация" деп атап, түрлі қастандық теорияларын алға тартады.

Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігі бойынша (БАҚ пайдалана отырып адамадар тобымен сепаратизмді насихаттау) соталды тергеп-тексеру бастады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!