"Жаңа үй сала бергенше, неге мектеп салмайды?" Қазақстанда 3 ауысымда оқытатын мектеп көп

"Жаңа үй сала бергенше, неге мектеп салмайды?" Қазақстанда 3 ауысымда оқытатын мектеп көп

Қазақстанда 170-ке жуық мектеп үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Мұндай оқу орындарының көпшілігі Қазақстанның оңтүстігінде. Үш ауысымда жалпы 300 мыңға жуық бала оқиды. Ал Қарағандыда үш ауысыммен оқыту тек Алтынсарин лицейінде қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл мектепте 1200 баланың орнына 3 мыңға жуық оқушы білім алады. Тіпті бесінші сыныптың саны 12-ге жеткен.

"Жаңа үй сала бергенше, неге мектеп салмайды? Ұстаздарға да, балаларға да оңай болар еді. Немерем 2 "з" сыныбында оқиды. Барлығы толып тұр. Бала өте көп. Аудан да тығыз орналасқан. Сол үшін мектеп артық етпейді", - дейді қала тұрғыны Ольга Тен.

Барлық сыныпты сыйдыру үшін лицейде мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Бірақ оңтүстік-шығыстағы көпқабатты үйлер саны тым қарқынды деңгейде өсіп жатыр. Ал мектептер саны сәйкес келмейді. Жыл сайын бірінші сыныптарға бұрынғыдан 1200-ге көп оқушы барады.

"Әрине, қиындық бар. Сабақ кестесі тығыз орналасқан. Ауысым араларында санитария-гигиена талаптарын орындау барысына 30 минут қана беріледі. Қосымша үйірмелерді өткізу жағынан да қиындықтар бар", - деп жауап берді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Биыл Қазақстан бойынша төрт жүз мың бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттамақ. Ал Қарағандыда 8 мыңнан аса оқушы бірінші сыныпқа барады. Мәселені шешу үшін Үкімет "Жайлы мектеп" ұлттық пилоттық жобасын іске қосты. 2025 жылға дейін 840 мың оқушыға арналған 401 заманауи мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 8-і Қарағандыда салынатыны айтылды.

Ал Алтынсарин лицейіндегі бала санын азайту үшін жақын маңда 3 мектеп салынбақ. Олардың екеуінің құрылысы биыл басталады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова