"Енді қалғаны осы еді". Шымкентте қоқыс шығару екі есе қымбаттады

Үшінші мегаполисте қоқыс шығару құны енді екі есе өсті. Бұған дейін көпқабатты үй тұрғындары қалдық шығарғаны үшін адам басына 171 теңге, жеке учаскедегілер 200 теңге төлесе, енді бұл тариф 390 және 418 теңгеге өсті. Бұл ұсынысты әкімдік өкілдері кезекті сессияда мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл өзгеріске қала халқы қарсы.

"Біз өзіміз әрең күн көріп отырмыз. Шай-тамаққа ақшаны қайдан аларымызды білмей отырғанда, енді қоқыстың бағасын өсіріпті. Бұл қалай сонда? Ол ақшаны төлемесек тағы болмайды. Айналаны лайстайсың. Бірақ бізді де түсіну керек қой. Ел ерігіп жүрген жоқ. Енді қалғаны осы қымбатшылық еді", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жүсіп Әжібаев.

Шымкенттегі қоқыс шығару тарифы кейінгі жолы 2017 жылы өскен. Содан бері өзгеріссіз тұрғанын айтқан шенеуніктер енді қазір баға әлдақайда құбылғанын айтып ақталып отыр. 

"Қалада қоқыс шығару бойынша мәселе бар. Оны шештік. Қалдықтың жиналмауының екі себебі бар. Бірі - дизель отыны қымбаттағаны. Қазір қоқыс шығаратын мекемелер дизель отынының литрін 230 теңгеден алып жатыр. Екінші мәселе - тариф бағасының төмен болуы. Ел бойынша ең төмен баға Шымкентте", - дейді Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Жиын кезінде салаға жауапты басқарма басшысы да осындай пікір білдірді.

"Алматы қаласында 2019 жылы бекітілген тариф бойынша көпқабатты тұрғын үйлер 1 адамға 390 теңге, жер үйлер үшін 414 теңге, 1 мың текше метрне 2144 болып бекітілген. Мұнда 2017 жылы адам басына 533 теңге болып бекітілген. Салыстырмалы түрде басқа облыстардан біздің тариф төмен", - дейді  Шымкент қаласы табиғат және жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!