"Тіршілігіміз тұралайды": ШҚО-дағы кен орнының жабылуы тұтас ауылға кері әсер етуі мүмкін

"Тіршілігіміз тұралайды": ШҚО-дағы кен орнының жабылуы тұтас ауылға кері әсер етуі мүмкін

Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауданы қазба-байлық өндіруден жоғары нәтижелер көрсетіп келді. Алайда осы өңірге қарасты Белоусовка кентіндегі кен орны қазір жұмысын тоқтатудың алдында тұр. Тұрғындар бұлай болған жағдайда кентке кері әсер ете бастай ма деп алаң білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Белоусовка тұрғындары кеніштегі жұмыстың қайта жандануын төрт-бес жылдан бері күтіп жүр. Бірақ былтырғы желтоқсанда Үкімет мұндағы кен орнын әзірлеушімен келісімшартты үзу туралы шешім шығарыпты. Мұның бір себебі жұмысты әрі қарай жалғастыру пайда әкелмейтіні болыпты. Қазба-байлық өндірумен айналысатын компания (BM Mining ЖШС) тарамай тұрып, қазып кеткен жерлерді тегістеу жұмыстарын атқарғысы келіп отыр. Жер бетін тереңдігі 25 сантиметр болатын құнарлы топырақпен жабу мен көгалдандыру жұмыстарын да жоспарға енгізген. Ал биыл 27 наурызда қоғамдық тыңдау өткізіліп, BM Mining басшылығы өкілдері Белоусовка тұрғындарына шахтаны суға батырып, бетін тегістеудің тиімділігін түсіндірген. Бірақ жұрт мәселе күрмеуінің бұлай шешілуін қолайсыз санайды. Бұлай қорқуларына негіз жоқ емес. Өйткені бұл кентте қазба орындары екі рет опырылып түскен. Оның бірі "Шахта" ауданында болып, соңы қайғылы аяқталды. УАЗ көлігі ашық жерге түсіп кетіп, бір адам көз жұмған. Тұрғындардың сөзінше, көлік әлі шығарылмапты. Екіншісінде, адам шығыны жоқ.

"Ең алдымен кент халқы зардап шекпесе екен дейміз. Біріншісі - шұңқырлардың одан ары кеңеюі, су тасқыны салдары. Егер Глубочанка өзеніндегі жағдай бақылаудан шықса, тасқын судың қатері Белоусовка ғана емес тұтас ауданды қамтиды. Өйткені Белоусовкадан кейін Предгорное ауылы мен Глубокое кенті бар", - деді аудан әкімі Елдар Тумашинов.

Тағы бір мәселе - ауызсу. Шахтада жұмыс істеген гидрогеологтар тасқын бөгеуі ағытылса, сулы қабат кен қалдықтарымен ластанатынын айтып, дабыл қағып отыр.

"Барлығы осыған келе жатты. Жұмыс орны да, табыс көзі де осы кенішпен ұштасады. Сонша жыл жүйелі түрде жұмысын жалғастырған орында осындай олқылықтың шығуы өкінішті-ақ. Онымен қоса, оңтайлы шешімі ойластырылмаса, экологиялық тұрғыда қауіпті", - деді Гүлжанар Нұрланова есімді тұрғын.

Белоусовкадағы кен орны 80 жылдан бері біраз тұрғынды жұмыспен қамтып келеді. Тау-кен жұмысы түбегейлі тоқтаса, кенттегі тіршілік тұралап, ел-жұртынан айырылуы ғажап емес. Қазір мұндағы тұрғындар саны 9400 адам шамасында. Ал жергілікті билік өкілдері жұмысқа орналастыру жағы шешіліп қойғанын алға тартты.

"Қазір мұндағы жұмысшылардың саны - 59 адам, оның 44-і - Белоусовканың тұрғындары. 36 адамды жұмыстан босатып, 23-ін қалдыру жоспарда бар. Кен орнынан шығып қалған жандарға аудан немесе облыстағы кәсіпорындардан жұмыс тауып беріп, екі айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеп бермекпіз", - деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Светлана Большакова.

Тұрғындар кен орнын есептен ерте шығарып жатқанын айтады. Осы жақта талай жылдан бері тұрып жатқандардың айтуынша, мұндағы қор 2039 жылға дейін жетеді. Олардың сөзінше, сол уақытқа шейін қазба-байлық өндіру жалғасын тапса, ауыл жұрты облыс ішінде жұмыс іздеп сабылмас еді.

"Бұл - ерекше кен орны. Кеңес өкіметі кезінде ондай бар-жоғы екеу-ақ болатын. Тағы біреуі Грузияда орын тепкен. Бір мезетте мыс, мырыш, қорғасын, алтын, күміс өндіре алатын едік. Тереңде жатса да арнайы әдіспен қол жеткізетінбіз", - дейді зейнеткер, кезінде тау-кен шебері болған Михаил Байболатов.

BM Mining ЖШС директоры Дамир Айтқожанов жер асты жабдықтарының барлығы жұмысқа жарамды екенін де айтыпты. Қазір қажет болып тұрғаны - жұмысты дөңгелетіп әкететін инвестор.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова