"Қазақ бетін тұмшаламаған". Нұрлан имам хиджаб киген шоу-бизнес өкілдеріне қатысты пікір білдірді

Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы хиджаб киген шоу-бизнес өкілдеріне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, қазақтарда "хиджаб" деген ұғым болмаған. 

"Бізде "хиджаб" деген сөз болмады. Бірақ орамал болды, кимешек киді. Оның үстіне, Қазақстанда аналарымыз ақ орамал таққан. Бізде көзіне дейін қап-қара етіп жабу, оны "никаб" дейді, болмаған. Ол біздің дәстүрге келмейді, біз ашық айтамыз. Кейбіріне ол ұнамай жүр. Қазақта бетін тұмшалау жоқ. Қазақ бетін тұмшаламаған. Қазақта орамал таққан, кимешек киген, ұзын етекті көйлек киген, қамзол киген, ұлттық нақыштағы, оюлы киім киген. Біз солай дараланғанбыз. Біз соған қайтып келуіміз керек. Бәріне қап-қара тағып алу дұрыс нәрсе емес. Ол - еліктеу", - дейді имам. 

Сондай-ақ, ол шоу-бизнестегі хиджаб киген аруларға қатысты пікірін білдірді.

"Дәстүрімізге келеміз. Бізде зиялы қауым бар, көзі ашық жандар бар. Бірақ қанша шығынмен түзелеміз - мәселе осында. Біздің жүзген кемеміз дұрыс бағытта келеді. Шоу-бизнестегі азаматшалар еліктемей, Құдайдан қорқып таққан болса, онда қолдаймыз", - дейді теолог. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде хиджаб киюге қатысты сын немесе пікірлер айтылды. Оған себеп кейінгі кезде шоу-бизнес өкілдері, блогерлер мен инфлюенсерлердің хиджаб кие бастауы болған. Бұл мәселеге қатысты тарихшылар пікір білдірген еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!