Жанармай бағасының өсуі азық-түлік құнына әсер ете ме? Жұманғарин жауап берді

Жанармай бағасы өсе ме, бұл азық-түлік құнына әсер ете ме? Бұл сауалға Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол баға өсімі тауардың түріне қарай әсер ететінін мәлімдеді. Жеңіл тауар болса, аса қымбаттамайды, ірі өнімдерге баға тиісінше өсуі мүмкін.

"Жанар-жағармай қымбаттаған жағдайда, мысалы қантқа әсері - 5 пайыз, ал күнбағыс майына 2,4 пайызға өседі деген болжамымыз бар. Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар қазір жанармаймен, дизельмен жұмыс істемейді. Олар әлдеқашан газға көшіп кеткен. Ал газдың бағасы әзір өспейді", - деді Серік Жұманғарин журналистердің сауалына.

Оның айтуынша, жанар-жағармай бағасының өсуіне азық-түлік қымбаттауына айтарлықтай салмақ салмайды. Өйткені биыл күзгі егіс жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлініп қойды. Ол арзандатылған бағамен - литрі 204 теңгеден өткеріледі.

"Бұл баға өзгермейді. Сондықтан жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса ықпал етеді дей алмаймыз. Қазір елімізде баға тұрақты, осыған байланысты бірден өсіруге негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне, бізде азық-түлік қорлары бар. Олар белсенді жұмыс істеп жатыр", - деді Жұманғарин.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!