Түркістан облысында санитарияны сақтамай, резонанс тудырған дәмханаға айыппұл салынды

Түркістан облысында санитарияны сақтамай, резонанс тудырған дәмхана иесіне 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Санитарлық талап сақталмаған дәмхана видеосы халық арасында резонанс тудырып, әлеуметтік желіде талқыға түсті.

Видео авторы ас дайындайтын орында тазалық мүлде сақталмағанын айтып, видеоға түсірген. Автордың айтуынша, дәмхана Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан.

@717xah

♬ оригинальный звук - 717

Бұған қатысты Сайрам аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бап 1-бөлігіне сәйкес, 230 АЕК көлемінде, яғни 793 500 теңге айыппұл салынды.

Сонымен бірге 17 сәуірге дейін кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді. Егер уақытында орындалмаса, іс сотқа жолданады.

"Тексеру нәтижесінде дәмханада жуу, жинау және дезинфекция жұмыстарының сапасыз жүргізілгендігі, тамақтану залындағы желдету жүйесінің жалюзді торларының жуылмағандығы, шайындыларды микробиологиялық зерттеу нәтижесінде 20 сынамадан 2 ішек таяқшалар тобының бактериясы анықталған. Сондай-ақ, тағам дайындауда пайдаланатын ет және ет өнімдері, макорон, ұн, өсімдік майының сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болмаған", - деді Түркістан облысының СЭБД баспасөз хатшысы Ардақ Берденова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!