"Сыйлықта жарылғыш зат болған". Санкт-Петербургтегі кафедегі жарылыс туралы не белгілі?

"Сыйлықта жарылғыш зат болған". Санкт-Петербургтегі кафедегі жарылыс туралы не белгілі?
Фото: РИА Новости

Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы кафеде жарылыс болып, бір адам қайтыс болды. Тағы ондаған адам зардап шеккен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға салдарынан қайтыс болған адам - "әскери журналист" Владлен Татарский, оның шын есімі Максим Фомин. Ашық мәліметтерге сүйенсек, ол сол күні кафеде өзінің мамандығы жайлы "шығармашылық кешін" өткізіп жатқан. Келушілерге кіру тегін болған. 


Фото: t.me/vladlentatarsky

РИА Новости басылымының дереккөзі жарылыс затын кешке келушілердің бірі әкелгенін айтады. Келуші Татарскийге сый ретінде мүсіншені табыс еткен. Ал мүсіншеде жарылғыш зат болған. 

Куәгерлердің бірі күдікті қыз Владлен Татарскийге мүсіншені табыс еткісі келген кезде күзетшілер оны сыйлауға рұқсат бермеген. Татарский рұқсат бергеннен кейін күдікті қыз мүсіншені блогердің қасына қойған. Артынша Татарский күдікті қызға қасына отыруды ұсынған, алайда қыз "ұялатынын" айтып, шетке қарай отырған. Бүгінде блогерге мүсіншені сыйға берген қыздың өзі ауруханада жатыр деген деректер бар. 

Одан бөлек, 30 адам зардап шеккен. 24-і ауруханаға жеткізілген. Қалған алты адамның өзі клинкаға жүгінген, олардың жағдайы ауыр. Қатты зардап шеккендердің арасында жасөспірім қыз бар. 

Айта кетейік, Владлен Татарский - әскери және блогер. Әкесі және атасы секілді бастапқыда шахтер болып жұмыс істеген. Кейіннен бизнес әлеміне кеткен. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, кәсіп саласында жолы болмай, қаржы жағынан қиындық туындап, 2011 жылы банк тонаған. 

Сонымен қатар, Татарский Украинаға қарсы көзқарасын ашық білдіріп жүрген. Бұған дейін Украинаның азаматтық инфрақұрылымына соққы жасауға және электр станцияларын жоюға шақырған. Сондай-ақ ол "Ресей бәрін жеңетінін, бәрін өлтіретінін, қажет болса тонайтынын" ашық мәлімдеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина