"Болған оқиға". Өзбекстандық азамат қазақ халқын не үшін жақсы көретінін айтты

"Болған оқиға". Өзбекстандық азамат қазақ халқын не үшін жақсы көретінін айтты

Қазнетте қазақ халқын не үшін жақсы көретінін түсіндірген өзбекстандық азаматтың видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеода ер адам Қазақстанда болған оқиғаны әңгімелеп берген. 

"Мен Қазақстанды не үшін жақсы көретінімді білесіздер ме? Қазақстанға барған кезімде жолда жанармайым таусылып қалды. Мен тоқтап, көмек күтіп тұрдым. Бірінші көлік тоқтап не болғанын сұрады. Мен жанармайым таусылып қалғанын айттым. Ол "менде өзіммен бірге жанармай жоқ. Әзірге су ала тұр, не дегенмен күн ыстық қой" деп кетті", - дейді видеодағы ер адам. 

@zhest_kz Узбекистанец рассказал историю,после которой он сильно полюбил Казахстан #рек #хочуврек #Almaty #рекомендации #алматы #kazakhstan #казахстан #qazaqstan ♬ оригинальный звук - ZHEST_KZ

Осылайша көмекке тағы бір қазақстандық келген. 

"Екінші көлік тоқтап, не болғанын сұрады. Жағдайды түсіндіріп едім, екінші адам да өзімен бірге жанармай жоғын айтты. Бірақ тойдан келе жатқанын айтып, маған қарным ашып қалмасын деп "сарқыттан" тастап кетті. Артынша үшінші көлік тоқтады. Жасы келіп қалған аға тоқтап, не болғанын сұрады. Ол "менің үйімде жанармай бар, сондықтан менің үйіме жүр. Жанармай құйып беремін" деді. Көлігімді тіркемеге тиеп, мені үйіне алып кетті. Үйіне келгенімізде жақсылап күтіп алып, өте дәмді бешбармақ жасап, "балам, қазір жанармай жоқ, таңертең құйып беремін" деді. Таңертең таңғы ас ішіп, қоймаға барсақ бірнеше канистр жанармай тұр. 

Аға маған толтырып жанармай құйып берді де "Балам, таңғалма, кеше тым кеш болып кетті. Сені кешке жібергім келмеді. Себебі мен Ауған соғысына қатысқанмын. Сол кезде қатты жарақаттанып қалдым. Менің қан тобым сирек кездеседі. Сол кезде бір өзбек азаматы маған екі литр қанын берді. Біз қан-бауырмыз, ұмытпа" деді", - деп әңгімеледі өзбекстандық азамат.    

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина