Астанада пара беру дерегіне қатысы бар кәсіпкерлер мен лауазымды тұлғалар сотталды

Астанада пара беру дерегіне қатысы бар кәсіпкерлер мен лауазымды тұлғалар сотталды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Астанада пара беру дерегіне қатысы бар кәсіпкерлер мен лауазымды тұлғалар сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Байқоңыр ауданының №2 сотында "Евраскон" ААҚ (Әзербайжан Республикасы) компаниясының өкілдері З. Исмиевке, Г. Гадировқа және "Аймереке" ЖШС директоры А. Байкенжеге қатысты істі қарау аяқталған.

"Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарағаны үшін Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды тұлғаларына пара берді деген күдікке ілінді. Биыл 27 наурыздағы сот үкімімен бұл адамдар пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар, пара беруге итермелегені үшін Б. Керейтбаев пен Г. Шөкенов кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін Астана қаласы бойынша ІМАД маманы Д. Төлеубаев кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Бұл адамдардың барлығы да мемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан айырылған.

"Сот тергеу әрекеттерін жүргізуге белсенді кедергі келтірген Д.К. Төлеубаевтың туысы - А.А. Әкімбаевты (теріс себептермен жұмыстан шығарылған бұрынғы жедел полиция қызметкері) кінәлі деп таныды. Ол билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық жасап, жемқорлық қылмыстарын жасауда айыпталушыларды айыптайтын заттай дәлелдемелерді жасырған. Сот оның бостандығын 2 жыл 6 айға шектеді", - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова