Өскеменде қалалық мәслихат депутаты Надежда Шушаникова сессияны қазақ тілінде өткізуді талап етті

Өскеменде қалалық мәслихат депутаты Надежда Шушаникова сессияны қазақ тілінде өткізуді талап етті.
Депутат мұндай бастаманы кеше қалалық мәслихаттың сегізінші шақыруының алғашқы сессиясы кезінде көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала әкімі Жақсылық Омар ұсынысты бірден қолдап, мұны қоғамның сұранысы деп қабылдауға шақырды. Надежда Шушаникова ресми жиындарда тіл мәртебесі түспеуі қажет екенін алға тартты.

"Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болғандықтан, келесі сессияны мемлекеттік тілде өткізсек, қалай қарайсыздар? Осы залда қолданылған аударма құрылғысының өте сапалы екенін байқадым. Сол себепті, үнемі болмаса да, ара-тұра жиынның қазақ тілінде өтуін жөн деп санаймын", - деді ол.

Надежда Александровна, тіпті өзін "тіл жанашырымын" деп, бірақ бұл сөздің орысша мағынасын айта алмайтынын сөз етті.

"Өте орынды сұрақ қойылды. Бұны тек Шушаникова ханымның емес, біздің қоғамның, қала халқының сұранысы деп қабылдау керек. Себебі, мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте болуы қажет. Мемлекеттік атқару органы ма, өкілетті орган ба - қазақ тілі қолданылуға тиіс", - деді Жақсылық Мұқашұлы.

Бірқатар адам мұның үлгі алатын қадам екенін баса айтты. Желі белсендісі Дина Оразбекова "Өз тілін білмейтін қазақ депутаттарына осы кісіден үйрену керек" екенін жазса, Жарас Болатхан "Надя тәтеміздікі дұрыс" деді.

Надежда Шушаникова - №36 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ғана емес, "Кел, сөйлесейік" клубы Өскемендегі филиалының жетекшісі. Өзінің еңбек жолында ересектерге арналған 60 сағаттық "Тілашар" бағдарламасын ойлап тапқан. 10 жыл көлемінде мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге қазақ тілі курсын жүргізіп келеді.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!