Қарағандыдағы бір көшенің тұрғындары газдан бас тартып отыр

Қарағандының Сәрсеков көшесінің тұрғындары өз көшелерінде басталған газ құбырын тарту жұмыстарына наразылық білдірді. Олар орталық жылу жүйесіне қосылған жеке үйлерін жылытудың басқа түріне ауыстырғысы келмей, бұл туралы тіпті жергілікті билікке хабардар етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Былтыр мамырда тұрғындар әкімдікке ұжымдық өтініш жазып, онда Сәрсеков көшесіндегі газ құбырына қатысты ұстанымын айтқан. Мұнда тұрғындар ұзақ жылдар бойы орталық жылытумен қамтамасыз етілген және газға аса мұқтаж емес еді.

"Түрлі қауесеттен үйдің шаршы метріне байланысты айына 21 мың теңге төлейтініміз жайлы естідік. Біз онсыз да жылуға ақша төлеп отырмыз ғой. Газдың үйге тартылуының өзі қыруар ақша. Бізге орталық жылу жүйесі жеткілікті", - дейді Сәрсеков көшесінің тұрғыны Муслима Бейжанова.

Осыдан кейін тұрғындар көше газға қосу жоспарынан шығарылады деген жауап алған. Алайда биыл ақпан айында құбырларды төсей бастап, салдарынан асфальт жабыны мен жеке меншік төсеніштерге зақым келді.

"Өз тарапымыздан біз экологияға ешқандай да зиян келтірмейміз. Тұрғындар бұрын үйін пешпен жылытса, қазір барлығы орталық жылу жүйесін қолданады. Біз бұл жұмысқа әу бастан қарсы болдық. Мемлекеттің ақшасы артылып бара жатыр ма? Түсінбеймін", - дейді тағы бір тұрғын Алла Дьякова.

Сәрсеков көшесі үшінші іске қосу кешеніне жатады. Бірінші кезек былтыр салына бастады. Газ құбыры көлденең бұрғылау әдісімен әр 100 метр сайын қазу арқылы салынып жатыр.

"Қазіргі уақытта келесі көшені газбен қамту үшін Сәрсеков көшесінен өтуіміз керек. Тұрғындардың бәрі шағымданып жатыр. Бірі керек десе, бірі бас тартып отыр", - Қарағанды құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Оның айтуынша, мұнда адамдар ас дайындау үшін тұрмыстық газ баллонын пайдаланады, сонымен бірге пешпен жылытылатын үйлер бар.

Құрылыс бөлімінің басшысы тұрғындармен оларға ыңғайлы уақытта кездесіп, барлық түсініксіз мәселені талқылауға дайын екенін айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!