Ақтөбе іргесіндегі өзен тасып, тұрғындар эвакуацияланып жатыр

Ақтөбеде өзендегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты Қарғалы, Мұнайшы және Солнышко бау-бақша ұжымдарының саяжай учаскелерінен адамдар алдын ала қауіпсіз жерге эвакуацияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 116 адам, оның ішінде 44 бала қауіпсіз жерге көшірілген.

Оқиға орнындағы жұмыстарға жергілікті атқарушы органдардың, құтқару бөлімшелерінің, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.

"Даладағы қар еріп Жаман Қарғалы өзенінің арнасын толтырды және күннің жылы болуына байланысты бүгінде осы өзендегі су деңгейі көтерілді. Қазір біз судың үйге кіруіне жол бермеу үшін барлық қажетті шұғыл шараларды жүргізіп жатырмыз", - деді Ақтөбе әкімі Мұрат Жөребеков.

Полиция органдары қоғамдық тәртіпті сақтауды ұйымдастырды. Ұлттық ұланның күшімен үй маңындағы аумақтарға инетті материал салынған 300 қап төселді.

Ақтөбе әкімдігі 3 уақытша эвакуация пунктін ашты, онда 87 адам бар, ал 29 адам туыстарының үйіне кеткен.

Еске салайық, 2023 жылғы 30 наурызда Қарғалы өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Қарғалы, Нефтяник, Солнышко бау-бақша ұжымдарындағы саяжай учаскелері су астында қалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!