Әнұран орындалғанда орнынан тұрмаған журналист мұны "өз елін сүймеумен" шатастырмауды өтінді

Журналист, "Власть" басылымының астанадағы шеф-редакторы Тамара Вааль Парламенттегі видео бойынша түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол осындай келеңсіз оқиғаның себепкері болғанына өкінетінін және ешкімді ренжіткісі келмегенін, бұл уақытта өз жұмысын істеп отырғанын жазған. Тамара Вааль сонымен бірге әнұран ойнаған кезде орнынан тұрмауды журналистер жиі жіберетін қателік деп атады. Өйткені бұл кезде ақпаратты лезде таратуы керек.

"Мен өз елімнің Әнұранын жатқа білемін, ылғи да тік тұрып, зор мақтанышпен орындаймын. Достар, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде Парламенттегі оқиғадан тараған вирустық бейнежазбаға қатысты пікір білдіргенім дұрыс деп ойлаймын. Алдымен айтарым, Әнұран кезінде орнынан тұрмау - журналистер жиі жіберетін қателік, өйткені сол сәттегі жаңалықтарды тезірек баспасөзге жеткізу керек. Ақпарат қызметкерлері - ақпаратты сол сәтте және тап қазір тарататын журналистер. Ал өз ісімнің кәсіби маманы ретінде менің де мойныма Парламент қабырғасында болып жатқан маңызды жайттарды халыққа барынша тез әрі ашық жеткізу жүктелген", - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.

Журналист әнұран орындалған кезде орнынан тұрмауды өз елін құрметтемеуді білдірмейтін айтып, екеуін шатастырмауды өтінді. 

"Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де осында, біз нақты уақытта болып жатқан барлық нәрсені мәтін түрінде беруіміз тиіс. Мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда операторлар мен фотографтар залды аралап, түсіріп жатқаны сияқты шаруа бұл. Мұны осы саладағы кез келген маман мен айтпай-ақ білуі керек. Бірақ бұл менің өз елімді, мемлекеттік рәміздерімді сүймеймін, құрметтемеймін дегенді білдірмейді. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, балаларым да Қазақстан Республикасының азаматтары", - деп жазды журналист.

Ол сонымен бірге кез келген сынды қабылдауға дайын екенін, бірақ өшпенділік жанына батқанын жазды. 

"Бүгін кейбіреулер Тамара Вааль дегеннің кім екенін дұрыс танымаған сияқты. Мен - 18 жылдық тәжірибем бар журналиспін, көбінесе тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істедім. Жемқорлық, халықтың өзекті мәселесі туралы жазып жүрмін, рас, билікті көп сынаймын. Мен әрқашан өз жұмысымды адал орындадым және орындай да беремін. Кез келген орынды сынды қабылдауға әзірмін, бірақ дәл бүгінгі маған деген өшпенділік жаныма батып тұр. Мен өз елімнің азаматымын, жемқор шенеуніктерді, ел тұрғындарының ортақ проблемаларын, көпшіліктің талап-тілегі туралы жазатын журналиспін. Дәл осындай өзекті мәселелер бәрімізді біріктіруі керек деген ойдамын. Ал менің жағдайыма еніп, түсіністік танытқан барша достарыма, әріптестеріме, жанашыр жандарға қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғысымды білдіремін!", - делінген жазбада.

Еске салайық, мұның алдында Парламент отырысы басталып, әнұран ойнағанда бірнеше журналист орнынан тұрмай, жұмысын істей берген.

Журналистердің бұл әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Кейбірі "журналистің мұндай шараларда орнынан тұрмастан жұмыс істеуін қалыпты нәрсе, әсіресе, сайтта жұмыс істейтіндер ақпаратты жедел беруі керек" десе, ал кейбірі тілшілердің жеке басына өтіп, айыптап жатыр және ұлтына басымдық берген.

Ал журналист қызмет ететін Власть басылымы бұл әрекетті құп көрмейтінін айтып, кешірім сұрады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!