Рамазан айына орай тегін интернет-трафик таратылатыны рас па?

Рамазан айына орай тегін интернет-трафик таратылатыны рас па?

WhatsApp-та Рамазан айына орай 50 гигабайт тегін интернет-трафик алуға болатын сайтқа сілтеме тарады. Бұл - алаяқтық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке слітеме жасап. 

Сілтемеде тегін интернет-трафикті кім ұсынатыны және оны қай елдің тұрғындары ала алатындығы жазылмаған.

Сілтемені басқан кезде қолданушылар сауалнама ұсынылған сайтқа түседі. Ол бұған дейін таратылған осы сияқты хабарламаларда көрсетілген фишингтік сайттарға ұқсайды.

Мысалы, 2020 жылы қолданушыларға WhatsApp-тың атынан сол 50 гигабайт трафикті алу ұсынылды. Фактчекерлер бұл хабарламаны фишингпен айналысатын алаяқтар жасағанын анықтады.

2022 жылы FIFA-ның атынан 50 гигабайт трафик алу ұсынылған болатын. Бұл ақпарат та фейк болып шықты. Хабарламаға тіркелген сілтеме фишингтік сайтқа апарады.

Фишинг - бұл онлайн-алаяқтықтың бір түрі, осылайша, алаяқтар төлем ақпараты, жеке аккаунтардың, банктердің қосымшаларының логиндері мен парольдері сияқты жеке деректерді иемденеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек