"Менің жаңа стимулым бар. Ол - ұлым" - Фируза Шәріпова

"Менің жаңа стимулым бар. Ол - ұлым" - Фируза Шәріпова

Қазақстанның ең танымал спортшыларының бірі, бокстан әлем чемпионы Фируза Шәріпова – Tengri TV YouTube-арнасында жаңадан шығатын ARU LIFE жобасының алғашқы қонағы. Алты жыл бойы жеңіл салмақта кәсіпқой спортшы ретінде өнер көрсетіп жүрген Фируза тек қазақстандықтардың ғана емес, әлем бойынша әйелдер боксы жанкүйерлерінің жүрегін жаулап үлгерген.

Жүргізуші Ольга Спиринаға берген сұхбатында Фируза Шәріпова "Әнші балапан" байқауында өнер көрсетіп, велоспорт және су полосымен шұғылданып жүріп,  боксқа қалай келгенін әңгімелеп берді. "Мақсатым – абсолютті әлем чемпионы атану", - дейді спортшы. Сұхбат барысында ата-анасының оның боксқа арналған қолғаптарын тығып қойған, дәрігерлер спортпен шұғылдануға мүлдем тыйым салған кездер болғанын да мойындады.

"Мен шаршы алаңға қолымнан не келетінін көрсету үшін шығамын", - дейді Фируза Шәріпова. Бұл орайда, ол 11 жасынан бері әр күнін спортқа арнағанын және өзге ел атынан өнер көрсету ойында жоқ екенін атап өтті. Спортшы жоба көрермендеріне ешкімге айтпаған сырын ашады: бүгінде Фируза үшін отбасы – ауыр тақырып екен және оның алға ұмтылып, жетістікке жетуіне кішкентай ұлы күш береді.

Жаңа ARU LIFE жобасының алғашқы шығарылымын 29 наурыз сағат 20:00-де Tengri TV YouTube-арнасынан көріңіздер. Сұхбатты сағат 20:30-да "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі Tengrinews.kz парақшасынан да көруге болады. ARU LIFE жобасының серіктесі — Аltel ұялы байланыс операторы. Аltel Қазақстанда 4G-ден ондаған есе жылдам 5G технологиясын белсенді дамытуда.

О. Сансызбай