Қарағанды облысындағы 20 мектепте бухгалтер жоқ, зардабын мұғалімдер тартып отыр

Қарағанды облысындағы 20 мектепте бухгалтер жоқ, зардабын мұғалімдер тартып отыр
Фото: pixabay.com

Қарағанды мектептерінде бухгалтер жетіспей жатыр. Соның салдарынан қаладағы оқу орындарының бірінде мұғалімдер жалақы кешіктіріліп, зейнетақы қорына қаражат аударылмай жатқан көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Оқу жылының басында біраз мұғалім қиындық көрді. Олар ипотека рәсімдегенде келісім берілмеді. Себебі бірнеше ай зейнетақы қорына қаражат түспеген, яғни сіз "жұмыс істемегенсіз" деген сияқты. Автокөлік ала алмай, өзіне қажет тұрмыстық зат ала алмай, осындай келеңсіздікке тап болды", - дейді №74 орта мектебінің мұғалімі Лилия Зәрубаева.

Мұғалімдердің айтуынша, жалақының үнемі кешіктірілуі несие өтеуге кесірін тигізеді. Ол түгіл, декрет және еңбек демалысының төлемін телміре күтеді екен. 

Дегенмен шенеуніктер бүгін оларды сабырға шақырды. Олардың айтуынша, зейнетақы қорына қарыз сома толық өтелген. Төлемді кешіктіргені үшін тіпті салық комитеті айыппұл да салыпты. Бұған мектептерде есепші тапшылығы себеп дейді. Қазір өңірде 20 мектеп бухгалтерсіз отыр.

"Маман тапшылығы жалақы төмендігінен туындап отыр. Есепшінің қолына алатын айлығы - 90 мың теңге. Ал атқаратын жұмыс көп. Қаражат аудару, мұғалімдердің сағатын санау, кіріс-шығыс есептері. Мұғалімдерге 300-ден 500 мыңға дейін аударып отырып, өзі 100 мың теңгеге жетпейтін жалақыға жұмыс істегісі де келмейді", - деді Қарағанды білімі бөлімінің бас есепшісі Елена Рақымова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан