Павлодарда заңсыз салынып жатқан үй көп

Павлодарда заңсыз салынып жатқан үй көп

Павлодарда заңсыз салынып жатқан көпқабатты үй көп. Соның салдарынан облыс орталығы жүйесіз құрылыс алаңына айналған. Бұл туралы өңірдегі қоғам белсенділері айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Ертіс өзені жағасына, яғни "қызыл аймақ" деп аталатын су қорғау аймағына заңсыз құрылыс салып жатқандар да баршылық. Құрылыс алаңына сараптама жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылыс жүргізу үшін берілетін рұқсаттың бас жоспарсыз-ақ оңды солды үлестірілетінін анықтаған. Бүгінде қалада 50-ден аса ретсіз салынып жатқан құрылыс бар. Бірақ мораторийге байланысты оларға шектеу қоюға немесе сапасын қадағалауға шенділер қауқарсыз.

 

Көп жағдайда заңсыз құрылыс салушылар алғашында нысанның мақсатын басқаша көрсетіп, ал рұқсат алғаннан кейін көпқабатты тұрғын үйге айналдырып жібереді екен.

"Луговой көшесі 6/1 мекен жайында салынып жатқан учаске жерасты көкөніс қоймасын салу және қызмет көрсету үшін берілген. Алайда 2021 жылғы 11 қазанда Павлодар қаласының әкімдігі өз қаулысымен көппәтерлі 6 қабатты тұрғын үй құрылысын салу жобасын бекітеді. Ал 2022 жылғы 13 қаңтарда көппәтерлі тұрғын үй құрылысы мен қызмет көрсету мақсатын өзгертеді. Логикалық тұрғыдан керісінше болуы керек қой. Павлодар қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі АЖЗ (сәулет - жоспарлау тапсырмасын - еск.) береді. Бұл ретте ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңның 60, 47-баптарының талаптары өрескел бұзылды", - дейді "Әділдік жолы" РҚБ Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Нұргүл Қайырденова.

Көпқабатты баспана тұрғызып жатқандардың кейбірін тиісті органдар сотқа берген. Оларды сүру немесе құрылысын тоқтату туралы сот шешімі де бар. Әйтсе де осы күнге дейін бірде бір заңсыз құрылыс сүрілген жоқ, жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр.

Жоспарсыз және ретсіз салынған құрылыстар кесірінен сол аумақтағы өзге нысандарға қыста жылу жетіспейді. Қоғам белсенділері қанша рет дабыл қаққанымен, "қызыл аймаққа" құрылыс салушыларға тыйым болмай тұр. 

Е.Базарқұл 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz