Павлодар облысындағы бір ауыл халқы округ мәртебесін қайтаруды сұрайды

Павлодар облысы Шегірен ауылында дәрігерлік бекет жоқ, кітапхана жабылған. Мектеп пен клубтың тоз-тозы шыққан. Жолдың да жағдайы мәз емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресеймен шекарадағы елді мекенде 750 адам тұрады. 2013-2018 жылдардағы оңтайландыру кезінде ол ауыл мәртебесінен айырылып, бөлімше болып қалған. Бас ауырып, балтыр сыздағанда орталыққа жету тұрғындарға қиямет қайым. Өйткені ауылдық округ саналатын Галкиноға дейінгі жолдың көп бөлігінде тасжол жоқ. Қыста қар басып қалғанда тіптен жүру мүмкін емес.

"Жолды жөндеп берсе. Қыста жүру қиын, қар басып қалады. Күреп ашқанымен, бәрібір жабылып қалады. Ал көктем мен күзде жүруге жарамайды. Егер ауылымызға округ мәртебесін қайтарып берсе, жолымыз да жөнделер еді", - дейді ауыл тұрғыны Аманбек Кірісхан.

Павлодар облысында 2013 жылдан бастап екі кезеңмен оңтайландыру жүргізілген. Соның салдарынан аймақтағы 200-ден аса елді мекеннің бүгінде 122-сі ғана қалған. Шегірен ауылы да сол науқан кезінде округ мәртебесінен айырылған. Ол кезде тұрғындардың пікірі ескерілмепті. Кейінгі екі жылда ішкі және сыртқы көш есебінен ауылдағы халық саны 700-ден асқан. Мектепте 150 оқушы білім алады. Оның үстіне ауыл қарағайлы орман ішінде орналасқандықтан жазда өрт жиі болып тұрады.

"Анау Галкиннен біздің әкімді шақырып, ол кісі келгенше дейін біздің ауылға кіріп кетеді, өрт жайылып кетеді. Осы мәселе. Сол үшін әкіміміміз қасымызда болса, дер кезінде қозғалса, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын", - дейді ауыл тұрғыны Мариям Абдолқызы.

Шарбақты ауданының әкімі округ мәртебесін қайтару мәселесін қайта қаралатынын айтты.

"Осы мәселені халық көтеріп отырғаннан кейін халықтың өсуіне байланысты немесе мал санының, жан санының, кәсіпорындардың өсуіне байланысты бұл сұрақ қайта қарастырылады" - дейді Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов.

Биыл ауылдың дәрігерлік пунктін қалпына келтіруге 60 миллион теңге бөлінген. Ал мектеп пен клуб мәселесі келесі жылға қалдырылып отыр.

Есенбек Базарқұл  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!