Батыс Қазақстан облысының тұрғыны есірткі сатқаны үшін 11 жылға сотталды

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен облыстың 29 жастағы тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сатқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері 2022 жылғы жазда күдікті Telegram-арнаға тіркеліп, есірткі сатуды жоспарлағанын анықтады. Бұл әрекетін жүзеге асыру үшін ол бір әлеуметік желі қолданушысымен байланысып, Оралда есірткіні заңсыз өткізу туралы келісім жасаған.

Қылмыстық ниетін орындау мақсатында өзінің "кураторынан" қосымша арқылы 100 мың теңге алып, пәтер жалдап, есірткіні буып-түюге және салмағын өлшеуге арналған электрон таразы, зип-пакеттер, түрлі түсті изолента мен скотч сатып алған.

Әрі қарай есірткі жасыру орындарының координаттарын алып, тыйым салынған заттарды жасырып кеткен. Содан кейін ол жалға алған пәтеріне оралған. Жедел іс-шаралар барысында облыстың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері күдіктіні пәтерге жақын жерде ұстады.

Ол өзімен бірге болған есірткі салынған пакетті лақтырып, жасырынбақ болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттар синтетикалық есірткі "мефедрон" болып шықты. Салмағы - шамамен, 1 келі. Сот есірткі сатушыны кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Айта кетейік, биыл полиция қызметкерлері елімізде интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан 77 адамды ұстады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!