"Сасық су": Қарағанды тұрғындары дабыл қақты

Қарағандыда өткен аптадан бастап саяжайлар мен су қоймасы маңындағы жолды кәрізден аққан су мен еріген қар суы басқан. Осы оқиға салдарынан саяжайлар мен су қоймасына үлкен залал келуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Саяжайға қарай өткен жұрт сасық иісі бар судың жол арқылы өтіп су қоймасына қарай тарала бастағанын айтып, дабыл қаққан. Коллекторға қатысты жағдай ақпаннан бері шешілмей келеді. Қазылған траншея жағдайды уақытша түзетуге тиіс еді. Ал "Қарағанды Су" мәліметтері бойынша, №10 кәріз коллекторын тексеру және тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.

Мешіт ауданында орналасқан кәріз коллекторының бір учаскесі қалпына келтірілген. Әрі қарай мердігер ұйым құбырды тексеріп, ішін тазартады.

Қала әкімінің айтуынша, кеше жергілікті жерде Қарағанды қаласы әкімдігінен, "Қарағанды Су" ЖШС өкілдерінен, Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар басқармасынан штаб ұйымдастырылған.

Даулы жерде "Қарағанды Су" компаниясының қызметкерлері арнайы техникамен жұмыс істеп жатыр. Ал Бұқпадағы су деңгейі шамалы ғана көтерілген.

"Федоровка" су қоймасына ешқандай қауіп жоқ. Арнайы арық қазылды. Қазір құбырларды тазартып жатырмыз. Барлығы аяқталған соң арықты бітеп қайта құбырға ауысамыз", - дейді "Қарағанды Су" ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Кенжан Дауылбаев.

Компания апта соңына дейін мердігерлер жұмыс істеп жатқан және қақпақшасы бар коллектордың бір бөлігі тексерілуі керек екенін мәлімдеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!