Құлыбаевтың компаниясына тиесілі 6 миллиард теңгенің жері мемлекетке қайтарылды - БАҚ

Әскери прокурорлар мемлекетке құны 6 миллиард теңге болатын Алматыдағы жер учаскесін қайтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2014 жылы Медеу ауданынан нарықтағы құны 6 миллиард теңгеден асатын, жалпы ауданы 3,8484 гектар болатын жер учаскесі "Достық строй" құрылыс компаниясы меншігіне өткен.

"Алайда бұл учаске 7 жылдан аса уақыт бойы мақсатқа сай пайдаланылмағанын ескере отырып, әскери прокуратура органдары оны мәжбүрлі түрде қайтару туралы талап арызбен жүгінді. 2022 жылғы 24 қарашада Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шешімімен әскери прокуратураның талап-арызы қанағаттандырылды, шешім заңды күшіне енді", - деді Бас прокуратура өкілі.

Әлихан Сәриев

Қазір сот актісін орындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Vlast.kz мәліметінше, "Достық строй" құрылыс компаниясына JOINT TECHNOLOGIES ЖШС және "КИПРОС" ЖШС иелік етеді. Ал олардың негізгі иесі ретінде Тимур Құлыбаев көрсетілген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!