"Айнаға қарасам өзімнен қорқамын". Алматылықты бұрынғы күйеуі адамшошырлық жағдайға жеткізген

"Айнаға қарасам өзімнен қорқамын". Алматылықты бұрынғы күйеуі адамшошырлық жағдайға жеткізген
Фото: Видеодан алынған кадр

Алматылық Индира Тергеубаеваны күйеуі өртеп жібергісі келген. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі әдейі отқа орап, зақым келтірген. Бұл мәселе "Астарлы ақиқат" бағдарламасында көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Индира Тергеубаеваның айтуынша, ер адам мұндай әрекетке әдейі барған. Сағат кешкі 17:00 шамасында Дархан шағынауданында орналасқан дүкен жарылған. Ал ішінен ерлі-зайыпты табылған. Әйел бұған дейін күйеуіне ажырасатынын айтқан. Ал ер адам өзіне бұйырмаса, басқа ешкімге де бұйырмайтынын жеткізген, осылайша, бірге өлуді таңдаған.

Индира Тергеубаева күйеуі екінші канистраны ашып, бірге өлетіндерін айтқанын жеткізді. Бұл сөздерді естіген әйел жүгіріп, терезені соғуға ғана күші жеткен. Ал дүкенде дабыл тетігі болған, бірақ оның пультін алуға қорыққан. Себебі ер адам не атып өлтіретінін, не пышақтайтынын айтқан.

Оқиға болған күнге дейін Индира Алатау аудандық полиция бөліміне жүгініпті. Әйелдің сөзінше, құзырлы органдардан ешқандай әрекет болмаған. Ол сотқа да жүгінген, бірнеше мәрте соттасқан, бірақ ешқандай нәтиже болмаған. Ер адамды бұл жағдайлар тоқтатпаған.

Индира Тергеубаева Алматы облысы Сарқан қаласында дүниеге келген. Оның жасы 41-де. 1999 жылы Алматыға келіп, технологиялық университетке оқуға түскен. Индира - үйдің үлкені, өзінен кейін інісі мен сіңілісі бар. Қазір ол осындай жағдайға түсіп отыр.

Әйел көші-қон полициясына шағымданып отыр. Өйткені ол бұл оқиғаға дейін жүгінсе де, ешқандай әрекет болмаған. Екіншіден, бұрынғы күйеуі дүкенге келіп шу шығарған кезде ол полицияға жүгінген, содан соң Алатау аудандық полициясынан екі қызметкер келген. Әйел құзырлы органдар дер кезінде әрекет етпегеніне наразы.

Индираның қызы да бар. Ол анасының жазылып кеткенін қалайды. Өйткені ол өзінің бет-әлпетінен қорқады.

"Айнаға қарамаймын, қаламаймын", - дейді алматылық.

Ол тіпті өздігінен тамақ жей алмайды, киіне алмайды. Осылайша, өзі табыс тауып жүрген әйел бір күнде мүгедек болып қалып отыр. Тырнақтары да өспей қалған. Денесінің 10 пайызын, яғни беті мен қолын күйік шалған.

"Ол бензин шашты. Дүкен ішінде салқын болды. Желтоқсан ғой. Қалың киім киіп жүрдім. Сол мені қорғап қалды. Шашым түсті. Қаштым, барлық жеріме бензин төгілді", - дейді ол қайғылы оқиға туралы.

Ол бұрынғы жұбайымен тек мұсылмандық неке қиған. Индира күйеуі Әлимен көлік жөндеу орталығында танысқан. Әйелдің айтуынша, түрлі гүлдер сыйлап, үнемі көңілін табатын болған, тосынсыйлар жасаған. Әйелдің бұрынғы күйеуі Әли Боприев - Ресей азаматы, ұлты - шешен. Ол 1969 жылы дүниеге келген. Отбасылық жағдайы бойынша үйленген. Техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істеген.

Индира да бұрынғы күйеуінің заңды әйелі болғанын айтады. Оның 2008 жылғы қызы бар. Ол заңды әйелімен келіспей, қызмет көрсету орталығында тұрып жүрген. Ал әйел мұның бәрін кейін білген. 

Сондай-ақ, әйел Әли Боприев казино ойнағанын, өзінің астындағы көлігін айыппұл тұрағына қойғанын, несие де алғанын айтады. Сонымен қатар, бұған дейін де қызғанып, пәтеріне келіп соққыға жыққан. Көлігін де бүлдірген. Бұл кезде де полицияға арызданған. Ер адам әйелдің жұмысқа шығуына қарсы болып, қызғанып жүрген. Ал Индира бірнеше мәрте көші-қон полициясына шағымданған. Бірақ ер адам Қазақстаннан кеткісі келмеген. Ал соңғы рет сот шешімі шыққан кезде әйелден құтқаруын өтінген. Кавказға бара алмайтынын, әкесі ауыратынын жеткізген. Тіпті Индира бұрынғы күйеуінен қашып, әке-шешесінің үйінде де тұрған. Бірақ осындай қайғылы жағдайға жеткен. 

Ал бағдарлама аяғында осындай адамшошырлық жағдайға жеткен Индираға жан-жақты көмек көрсетілетіні айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова