Өзенге айналады: Атбасарда бір көше он жыл бойы су тасқыны зардабын көріп келеді

Өзенге айналады: Атбасарда бір көше он жыл бойы су тасқыны зардабын көріп келеді

Атбасарда ондаған жыл бойы су тасқыны кезінде Ынтымақ көшесі тұтастай өзенге айналады. Тұрғындар жылдар бойы жергілікті әкімдік пен құзырлы органдарға шағымданғанымен еш нәтиже болмай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, бұл көше аудан орталығы құрылғалы бері жылға көшелердің біріне айналған. Жыл сайын қарғын сумен бірге топырақ пен құм шөгіп, жер биіктеп, салдарынан су деңгейі де көтеріліп бірнеше аулаларды су басқан. Әкімдік пен тиісті құзырлы органдардан ешқандай әрекет болмағандықтан, тұрғындар аулалардан суды шелектеп көшеге қайта төгуге мәжбүр болатынын айтады. 40 шақты үй бар Ынтымақ көшесінде қазір зейнет жасына жеткен қариялар ғана тұрады. 

"Мен бұл көшеде жиі боламын. Жылда қар еріген тұста қаланың биіктеу тұстарынан келетін судың бәрі осы көшеге құйылады. Су бірнеше ай бойы құрғамайды. Қазір су тізеден асады. Бірнеше үйдің аулаларын су басқан. Шамамен отыз жылдай осындай жағдайда десем қателеспеймін. Көшеге жөндеп асфальт төсесе де мәселе шешілмейді. Өйткені жер биіктеген сайын судың деңгейі көтеріліп аулалар мен үйлерді су басады. Тұрғындар жол жиегіне күл төгіп, бөген жасап амалдаған болады. Бірақ су қатты көтерілген кезде одан еш қайран болмайды. Тіпті өрт немесе жедел жәрдем қажет болған жағдайда мұнда көлік келе алмайтын жағдай жиі болады. Сондықтан көшені төмендете қазып, жиектеріне тереңдетіп бетон суағар орнатпаса болмайды. Әкімдікке халық жылда шағымданады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Құрғақ уәдеден әрі аспайды", - дейді Атбасар қаласының тұрғыны Асыл Есмағанбетов. 

 Жергілікті әкімдік өкілдері бұл мәселені қаражат жоқ екенімен байланыстырды. 

"Бұл жол учаскесі аудан құрылғалы қаланың көп бөлігінен еріген қар суын өткізетін су жолы болып келеді. Жанама су бұру арналарын қарастыру мүмкін емес. Бұл көшені тексеру барысында мәселені жою үшін жолды суағар кәріз жолымен қайтадан жол салу қажет екені анықталды. Қазір жұмысты өткізу үшін қаржы жоқ. Әкімдік жол учаскесінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасау туралы хат жолдады", - дейді Атбасар қаласы әкімдігі өкілі.

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова