"Екі тарапты достастыру үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз". Медиатормен сұхбат

"Екі тарапты достастыру үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз". Медиатормен сұхбат
Фото: ru.freepik.com

Отбасылық құндылықтарды нығайту үшін медиация кабинеттері жұмыс істейді. Тәжірибелі психологтар мен медиаторлар жас жұптарға бір-бірін түсінуге және бір мәмілеге келуге көмектеседі.

Медиация деген не? Медиацияның сот процесінен айырмашылығы қандай? Медиаторлар қандай проблемаларды шеше алады? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Massaget.kz тілшісі аккредиттелген халықаралық медиатор Кабушева Ғалиямен сұхбаттасты.

Медиация - үшінші, бейтарап жақ қатысатын жанжалды шешу әдісі. Бұл үшінші тарапты медиатор деп атайды. Ол екі жақтың нақты бір келісімге келуіне көмектеседі. Яғни, ол екеуіне де ыңғайлы болатын шешім табуға тырысады. Медиатор қызметі жайлы толығырақ білу үшін білікті маманнан өзекті сауалдардың жауабын алдық.

Тілші: Медиаторда психолог білімі болу керек па?

Ғалия Кеңесқызы: Медиатор дегеніміз - ол дауды сотқа дейін немесе сот үстінде іске қатысушылардың белгілі бір келісімге келуіне көмектесетін үшінші бейтарап тарап. Медиаторда психолог білімі болуы керек емес, бірақ медиатор заң білімінен де, психолог білімінен де хабардар болуы керек. Жалпы, бағдарлама аясында медиатор маманын оқыған кезде олар заңнамамен де, психология негіздерімен де танысады.

Тілші: Медиацияның сот процесінен айырмашылығы қандай?

Ғалия Кеңесқызы: Біріншіден, медиацияның сотта қаралатын істерден айырмашылығы - қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төменділігі және уақыттың үнемділігі. Мысалы, сотта қаралған істер, әдетте, ұзақ болады: олар айлар бойы созылуы мүмкін. Ал медиацияда дау бір күннің немесе 30 күннің ішінде шешіледі.

Екіншіден, медиацияның тағы бір тиімділігі - судьяны сот тағайындайды, ал медиаторды олар өздері таңдап алады. Медиаторды таңдау үшін олар республикалық реестрде тұруы қажет. Екі тарап реестрдің ішінен өздеріне қажет және ұнаған медиаторды таңдап ала алады.

Үшіншіден, сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, заң аясында қабылдайды. Яғни, шешімді екі тараптың өздері қабылдайды десе де болады.

Төртіншіден, медиация заңнама бойынша құпиялылықты қамтамасыз етеді, рәсім барысында, медиациялық процедуралар барысында медиатор өзіне мәлім болған ақпараттарды тараптардың келісімінсіз жария қылуына жол берілмейді. Яғни, заң бойынша медиаторлардан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді.

Тілші: Дауларды шешу үшін әдетте қанша уақыт кетеді?

Ғалия Кеңесқызы: Дауларды шешу үшін медиация заңы бойынша 30 күн берілген. Ал кейбір жағдайларда, яғни 30 күн аз болған жағдайда 60 күн беріледі. Бірақ тәжірибе кезінде егер дау күрделі болмаса немесе екі жақ қатарынан бір-бірімен тез тіл табысса, дауды бір күннің ішінде, тіпті, 3 сағат ішінде шешуге болады.

Тілші: Медиация арқылы отбасылық проблемалардан басқа қандай мәселелерді шешуге болады?

Ғалия Кеңесқызы: Медиация арқылы отбасылық проблемалардан басқа корпорациялық, корпорацияішілік даулар, банк пен сақтандыру саласындағы даулар, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы даулар, яғни еңбек саласындағы даулар, авторлық құқыққа және зияткерлік меншікке қатысты даулар, білім саласындағы медиация, қылмыстық істер бойынша даулар, әкімшілік істер бойынша даулар қарастырылады.

Тілші: Сіздің тәжірибеңізде ерлі-зайыптылар қандай проблемалармен жиі келеді?

Ғалия Кеңесқызы: Менің тәжірибемде ерлі-зайыптылардың арасындағы көптеген мәселелерді шешуге байланысты медиация жасалды. Оның ішінде көп кездесетіні алимент қарызы бойынша, сонымен қатар ажырасу кезінде біреуі ажырасқысы келмей, екіншісі ажырасқысы келген кезде отбасыны татуластыру бойынша медиацияға келеді. Ажырасқан уақытта жеке және ортақ қарыздарын бөлу туралы, дүние-мүлік бөлу туралы және балаларын көру туралы, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау бойынша келеді.

Сондай-ақ, маған мысалы, көршілер арасында болатын даулар бойынша хабарласады. Мысалы, көршінің себебінен пәтер суға кеткенде немесе көршінің иті баланы қауып алғанда келеді. Тәжірибемде екі көрші ортақ жерлерінде тұрған дәретханасын бөлісу бойынша хабарласқан жағдайлар да кездесті. Сонымен қатар, құдалық, кешірім сұрау бойынша да хабарласады.  Мысалы: баласы қызын алып қашып кетіп, кешірім сұрауға келгенде құданың кіргізбей қоюы.

Тілші: Медиатор қызметі қанша тұрады?

Ғалия Кеңесқызы: Медиатордың қызметі медиация заңы бойынша екі жақпен келісім бойынша жасалынады. Яғни, даудың күрделілігіне байланысты. Кейбір дауларды шешу өте қиын. Мысалы, бір тарап келіссе, екінші тарап келіспейді. Бұл кезде біршама келіссөздер жүргізу керек болады. Сондықтан медиатордың қызметі өтініш берген тараппен келісім бойынша жасалынады. Мендегі қызметтер 10 АЕК-тен басталады.

Кейде біз адамдарды үйлеріне, жұмысына іздеп барамыз. Олар болмай қалады, бірнеше рет бару керек болады. Болса да, ол кісі кейде қабылдамайды. Бірінші тарап өтініші бойынша кешірім сұраймыз, олар кешірім бермейді. Мысалы, кейде бір тарап Алматыда, екінші тарап Ақтөбеде болуы мүмкін. Бұл кезде медиатордың жұмысы істің күрделілігіне байланысты алынады. Медиатордың жұмысы да оңай емес. Өйткені, екі тарапты келістіріп, бір-бірімен достастыру үшін, бір мәмілеге келтіру үшін медиатор қолынан келгенін бәрін жасайды. Сондықтан кейбір күрделі істерге 30 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін аламыз.

А. Жапатова