Талқаны шықты: Степногорда ауыр техникалар жолды бұзып тастаған

Талқаны шықты: Степногорда ауыр техникалар жолды бұзып тастаған

Степногорда жақында ғана салынған тротуар жолдар мен бордюрлердің тас-талқаны шықты. Жаңадан салынған жолдарды ауыр техникалар бұзып кеткен. Былтыр қазылған тротуар брусчаткалары да сол күйі қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалада жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерде жұмыс істейтін ауыр техникалардың бұл ісіне налыған халық мәселені Степногор қалалық әкімдігіне барып, бірнеше мәрте көтерген. Бірақ еш нәтижесі болмаған. Тіпті былтыр бұзылған тротуар жолдардағы брусчаткалар қазып тасталғанымен, орнына жаңа тротуар салынбаған. Cалдарынан жолдар батпаққа айналып, тұрғындар толарсақтан саз кешуге мәжбүр болғандарын айтады. 

"Біз қаланың шеткерірек жағында тұрамыз. Мұнда қолда бардың бәрін сындырып, бұзып тастайды. Жаңадан тұрғын үйлер салып жатқан мердігер компаниялардың ауыр техникалары жолда жеңіл көлікпен жүргендей жүреді. Бордюрлер мен тротуарларды, көше жолдарын тас-талқанын шығарып жатыр. Оның үстіне көше бойы тұтастай жап-жақсы төселген брусчаткаларды былтыр бұзып тастаған. Бірақ сол қазылған күйі қалды. Зардабын қазір  тартып жатырмыз. Қазылған жолдарда батпаққа малшынып жүрміз. Балаларымыз мектепке баратын жол жоқ. Үйдің алдындағы көше жақтағы тротурар жолдардың бәрін тұрғын үй салып жатқан техникалар түгелдей бұзып кетті. Әкімдікке де, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне де ештеңе қажет емес. Салынып жатқан үйлерге келіп кетеді. Бірақ мұндағы болып жатқан күрделі мәселелерге еш назар да аудармайды", - дейді Әлия Мұқанова есімді қала тұрғыны. 

Тұрғындардың айтуынша, ауыр техникалар жаяулар жолымен қоса тасжолдарды да бұзып жатыр. Бірақ әкімдікке қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілдері әзірге бұл мердігерлер компания әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын және бұзылған жерлерді түзетуге міндетті екенін ғана мәлімдеді. 

"Бордюрлер мен асфальт жолдарын бұзған мердігер ұйымдар былтыр әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін бұзылған жерлерді қалпына келтіру туралы міндеттемелері бар", - дейді Степногор қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі өкілі.

Айта кетейік, Ақмола облысы аумағында су тасқыны кезінде жол төсемдерін қалпында сақтау мақсатында біліктері 8 тоннадан асатын ірі габарит және ауыр жүк көліктері қозғалысына 23 наурыздан 1 мамырға дейін шектеу қойылған. 

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова