Аяқкиім бауымен тұншықтырған: Алматыда досын өлтірген күдіктіге үкім шықты

Алматыда досын өлтірді деп айыпталған жасөспірім ақталды. Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соттың баспасөз қызметі өкілдері мәліметінше, досын өлтіріп, ақша ұрлады деп айыпталған кәмелетке толмаған Р.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Кәмелетке толмаған Р. кәмелетке толмаған досы С.-мен кездесіп, қарыз үшін жанжалдасып қалған деп айыпталды. Жанжал төбелеске ұласып, Р. С.-ны аяқкиімінің бауымен тұншықтырып өлтіріп, кейін оның банк картасын ұрлап кеткен. Оқиға орнынан кетіп бара жатып, Р. дүкенде С.-ның банк картасымен төлеп, сол арқылы 28 000 теңге шығын келтірген", - делінген іс материалдарында.

Сотта прокурор мен жәбірленушілер айыптауды толық қолдап, сотталушыны 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айыптаушы тарап айғақ ретінде сотталушының қамауға алынғаннан кейін кінәсін мойындауын, қылмыс құралы – жәбірленушінің аяқкиімінің бауын, одан сотталушының ДНҚ іздері табылғанын, жәбірленушінің төлем карточкасындағы сотталушының сатып алған заттары туралы мәліметтерді және басқа да құжаттарды ұсынды.

"Сотталушы өз кінәсін толық мойындамай, кісі өлтіру кезінде жәбірленушінің қоғамдық орында болғанын, оны түрлі адамдар көрген деген нұсқаны алға тартты. Сотта куәгерлер сотталушының олармен бірге ойын алаңында болғанын растады. Жәбірленуші сотталушыға банк картасын пайдалану үшін бұрын тапсырғаны да анықталды. Айыпталушы Р. соталды тергеп-тексеру барысында берген мойындаудан бас тартып, тексеру кезінде бұл деректі растамаса да, оған қысым жасалғанын түсіндірді", - делінген іс материалдарында.

Алқабилер жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Р.-ны кісі өлтіру және ұрлық жасағаны үшін кінәлі емес деп танып, қылмыс жасауға қатысқаны туралы айғақтардың болмағаны үшін ақтады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!