Шахматшы Бибісара Асаубаева кешірім сұрап, жанжалға нүкте қойды

Шахматшы Бибісара Асаубаева кешірім сұрап, жанжалға нүкте қойды
Фото: instagram.com/bibisarachess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Үндістанда болған жағдайға қатысты тағы да пікір білдіріп, мәселеге нүкте қойғандай болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шахматшы Instagram-парақшасында жазба жариялады. 

"Кеше қатты ашуланып кеткен шығармын (сол үшін түрлі хейт алдым). Бұл бәріне сабақ болсын. Шахматшы алдағы қадамдарын алдын ала жоспарап отыруы керек, ол ең алдымен, өмірде қажет дүние, себебі қателессең оңбай таяқ жеуің мүмкін. Егер қателескен тұсым болса оны мойындауға дайынмын", - дейді ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Bibisara Asaubayeva (@bibisarachess)

Асаубаева Нью-Делиде болған жайт енді қайталанбаса екен деген үмітте екенін айтады. 

"Ұйымдастыру, ұйқы, көз жас, жанжал, толассыз уәделер мен құр  үміт беру болмаса екен. Жай ғана ойнап, рекорд орнатып, елімізді танытып, жақындарыңды қуантқың келеді. Осы жерге сол үшін келдік. Ондай мүмкіндігіміз болады деп үміттенемін. Қасиетті Рамазан айында жамандық ойламаған дұрыс. Ренжіткен адамдарым болса кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ", - дейді Бибісара. 

Еске салайық, қазақстандық шахматшылар Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік Нью-Делиде (Үндістан) шахматтан Гран-при турниріндегі жағдайға байланысты жанжалдасып қалған болатын.

Блиц бойынша екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Instagram әлеуметтік желісінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікті өзімшілдік пен кәсіпқойлығына қатысты қатаң айыптаған жазбасын жариялады. Бұған Жансая Әбдімәлік жауап берген еді. Ол Бибісара Асаубаеваның өзіне қарсы айтқандарына мән бермеуге тырысқанымен, "тойтарыс беретін кез жеткенін" жазды.

Артынша, Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворкович Үндістанда өткен әйелдер Гран-приінің 11 қатысушысына жергілікті ұйымдастырушылар жіберген қателіктер үшін кешірім сұрап, хат жолдады. Қазақстандық Жансая Әбдімәлік хат жолданған шахматшылар қатарында жоқ. 

Кейіннен бұл жайтқа қатысты Қазақстан шахмат федерациясы да пікір білдірді. Олар осы турнирге қатысты барлық мәселе ФИДЕ мен Үндістандағы турнирді ұйымдастырушыларының құзырында екенін атап өтті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина