Көшелер көлге айналған: Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр тұрғындары мектепке балаларын жібере алмай отыр

Көшелер көлге айналған: Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр тұрғындары мектепке балаларын жібере алмай отыр
Фото: видеодан скриншот

Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр кенті көктемгі еріген қар суынан батпақты көлдерге айналған көшелерден мүлдем жүре алмай қалған. Тұрғындар ауылдағы №2 орта мектепке баратын балалар көктемгі демалыстан кейін мектепке бара алмайтынын айтып шырылдап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Тұрғындарды әсіресе балалары күнде қатынайтын №2 мектепке баратын Болашақ көшесінің жайы алаңдатады. Мүлдем жүру мүмкін болмай қалғандықтан, ата-аналар балаларын мектепке жіберудің де мүмкін болмай қалғанын айтып зар илейді.

"Балаларымызды мектепке қалай жіберерімізді білмей отырмыз. Болашақ көшесімен жүретін жер жоқ. Тұтас көше көлге айналды. Школьная көшесінде құрылыс жүріп жатыр. Ол көшемен де жүретін жер жоқ. Балаларымыз мектепке суға түскен тауықтай болып суға малшынған күйде баруға мәжбүр. Тіпті бұл балалар үшін қауіпті емес пе? Бұл мәселе алғаш рет емес ондаған жылдар бойы әр көктем сайын осындай жағдайдамыз. Балалар түгіл, көлікпен жетудің өзі мүмкін емес. Әкімдіктен жолды жөндеуін жылда сұраймыз. Бірақ түрлі сылтаулар айтып тойдырып келеді", - дейді Краснояр кентінің Ирина есімді тұрғыны.


Тұрғындар Краснояр кентіндегі аталған жолдарда тротуар деген атымен төселмегенін, жол жиегінде суағарлар орнатылмағанын айтады. Онсыз да батпаққа айналған жолға орталықтандырылған жылуды қосқан кезде халық ауылдық қалалық тіпті облыс әкіміне де талай шағымданғанымен жылдағы жағдай биыл тағы қайталанған.
Ал Краснояр әкімдігі суды сору жұмыстарының жалғасып жатқанын, әкімдік қызметкерлері түнгі кезекшілікке шығатынын жеткізді. Бірақ кенттегі күрделі жағдайды түпкілікті шешу мәселесі әлі де назарға алынбапты.

"Су тасқынына қарсы шаралар шеңберінде мердігер ұйым күн сайын еріген қар суын сору және автокөлік жолдарындағы су өткізу құбырларын тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қар тез ерігендіктен суды сору тәулік бойы жүргізілуде. Су тасқыны кезінде Краснояр кенті әкімдігі мамандарымен түнгі кезекшілік ұйымдастырылды" - дейді Краснояр кенті әкімдігінен.


Батпақты көлдерге айналған көшелерді сору жұмыстары жүргенімен бұл мәселені түпкілікті шеше алмайтыны түсінікті. Балалар мен қариялар қашанға дейін батпаққа малшынып жүретіні әзірге беймәлім.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы