"Шығыстың Мәдинасы". Дауысы Мәдина Ералиевадан аумайтын келіншек Үржар ауданында тұрады

Дауысы Мәдина Ералиеваға қатты ұқсайтын келіншек Абай облысының Үржар ауданында тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Назым Мұқанбаева Үржар ауданының орталығы – Үржар ауылындағы Абылай хан атындағы мектеп-балабақшасында музыка пәнінен сабақ береді. Қарапайым ауыл тұрғынының 1 миллионнан астам қаралым жинаған видеосының тарихы да қызық.

"2013 жылы Үржардағы аудандық газетте жұмыс істейтін Шекер деген апайымыз 60 жасқа толып, мерейтойына мәртебелі қонақтардың қатарында белгілі ақын Исрайыл Сапарбайды да шақырыпты. Журналист апайымыз ақын ағамызбен таныстырайын деді ме, тойда ән салуға мені де шақырды. Сол тойға қатысқан бір кісі менің Мәдина Ералиеваның "Күрең күз" әнін шырқағанымды ұялы телефонына түсіріп алып, ютубқа салып жібереді. Оны әуелде өзім де білмедім. 2018 жылы Орал қаласында тұратын Сәуле Қарабалина деген журналист апайымыз менің М.Ералиеваның әнін айтқанымды ютубтан көреді де, инстаграмдағы еліміздің белгілі деген 20 әншісінің парақшасына салады. Солардың ішінде Мақпал Жүнісова апайымыз маған ерекше назар аударып, өзінің парақшасында жылы лебізін білдіріп: "сахнаға ертерек келуің керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес. Мүмкіндіктер болса, жіберіп алма" деген сыңайда пікірін жазды. Осыдан кейін мені іздеушілер көбейе бастады. Қызылорда, Атырау облыстарынан хабарласып, "Мәдина Ералиеваның әндерін айтып беріңізші" деп тойларына шақырып жатқан кісілер бар. Тіпті Алматыдан бір-екі жас продюсерлер телефон соғып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды" дейді Назым.


Бүгінде Назым Мұқанбаева аудан көлеміндегі мерекелік шаралар мен әртүрлі тойларда М.Ералиеваның "Күрең күз", "Сыбызғы саз сырнай", "Қайықта", "Шыңдағы шынарым", "Сағынамын" секілді әндерін тамылжыта шырқап жүр.


Назымның айтуынша, ол М.Ералиеваның әндерін 1992 жылдан бері орындап келеді. 1993 жылы әйгілі әнші Семей өңіріне гастрольдік сапармен келгенде бетпе-бет кездесіп, бірге ән салыпты.

"Ол кезде менің дауысым қазіргідей емес, бала дауыс болатын. "Егер де сен өзіңнің тұрақты дауысыңды тауып, болашақта мықты әнші болғың келсе міндетті түрде Алматыға кел" деп ақыл-кеңесін айтты" дейді кейіпкеріміз.
Назым Мұқанбаева - Абай облысы Абай ауданы Медеу ауылының тумасы. Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжін тәмамдаған. 1998 жылы әнші Ғибрат Азубаевтың шақыруымен Үржар ауылына келіп, 2-3 жыл Мәдениет үйінде жұмыс істейді. 2007 жылдан бері Абылай хан атындағы мектеп-балабақшасында еңбек етіп келеді.


Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!