- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жалған сөйлеуден ауыр...
"Жалған сөйлеуден ауыр іс жоқ". Мүфтият Жанат Бақыттың сөзіне ермеуге үндеді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб-мүфти Ершат Оңғар журналист Жанат Бақыттың әлеуметтік желілердегі сөзіне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі мүфтияттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әлеуметтік желідегі Жанат Бақыт деген журналистің Алла тағала туралы айтқан ауыр сөздері мұсылмандар арасында түсініспеушілік тудырды. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына әр өңірден түрлі пікір, наразылық білдірген хаттар келіп жатыр", - деді Ершат Оңғар.
Наиб-мүфти "жалпы шариғатта Алланың атынан жалған сөйлеу өте ауыр күнә" екенін айтты.
"Мысалы, Алла тағала қасиетті Құранның Ән'ам сүресінің 144-аятында "Адамдарды надандықпен адастыру үшін Алланың атынан жалғанды жалпағынан басатын пендеден өткен залым бар ма?" деп баяндаған. Алла сақтасын, Құдай атынан жалған сөйлеуден ауыр іс жоқ. Әсіресе, Рамазан айында осындай келеңсіз сөзді айту мен үшін де ауыр. Дегенмен халық тарапынан сұрақтар жиі қойылып, наразылық білдіріп жатқаннан кейін мүфтият атынан ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болып отырмыз", - деді ол.
Ол сонымен бірге көпшілікті журналистің сөзіне ермеуге, ел ішінде арандатушылық тудырмауға үндеді.
"Хакім Абай "Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі, өлшеулі менен өлшеусізді білуге болмайды" деп айтады ғой. Осы ретте барша мұсылман қауымын және барша отандасымызды журналист Жанат Бақыттың сөзіне еріп, дәстүрлі сенімізге селкеу түсіріп, ел ішінде арандатушылық тудырудан сақ болуға шақырамыз. Қасиетті Рамазан айында мұндай ауыр сөздерді айтып, ел ішінде наразылық тудырып алудан сақ болайық", - деді ол.
"Адам өлгеннен кейін оның рухы басқа нәрсеге ауысады". Регрессология деген не?
Журналист Жанат Бақыт бұған дейін әлеуметтік желілердегі парақшаларында "Алланың миссиясы аяқталғанын, енді оны Жаратушы деп айту керегін және оны қабылдау қажет екенін" айтқан еді. Оның бұл мәлімдемелері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшілігі үн қатып жатты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан