"Адам өлгеннен кейін оның рухы басқа нәрсеге ауысады". Регрессология деген не?

"Адам өлгеннен кейін оның рухы басқа нәрсеге ауысады". Регрессология деген не?
Фото: ru.freepik.com

Регрессология, регрессивті терапия немесе өткен естеліктермен жұмыс – бейсаналық естеліктердің қазіргі өмірге бейсаналық және психологиялық әсерін зерттейтін ғылым. Регрессивті терапияны өзін-өзі тануға және дамытуға арналған құрал ретінде қолданады.

Регрессивті терапия қалай көмектеседі?

Регрессия балалық кезге, сәби кезге, жатыр ішіндегі кезге және тіпті, өткен (басқа) өмір естеліктеріне үңілуге көмектесетіндіктен, бұл көптеген қорқыныштардан, проблемалардан арылуға септігін тигізуі мүмкін. Ол үшін сол жағдайды еске түсіріп, сол кездегі эмоцияны қайтадан бастан өткеріп, оған деген қатынасын өзгерту керек болады. Яғни, регрессивті терапия проблеманың түпкі себебін жоюға бағытталады. Себеп болмаса, салдар да болмайды.

Ол қалай өтеді?

Бейсаналыққа қол жеткізу түрлі тереңдіктегі гипноздық транстың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл ежелгі естелікті немесе жан естелігін іске қосуға көмектеседі.

Адам гипнозда болған кезде барлық ақпаратты сақтап тұрған сана бірінші кезекке шығады. Визуализациясы жақсы адамдар картиналарды бірден көреді. Алайда бұл әр адамда әртүрлі. Адам санасы – барлық кездегі естеліктерді сақтайтын үлкен қойма.

Өткен өмірді еске алудың мүмкін қаупі

Өткен өмірдегі ақпарат адамға психологиялық тұрғыда зақым келтіруі де мүмкін. Гипноздық жағдайда адам өткен өмірдің эмоциялары мен физиологиялық сезімдерін сезуі мүмкін. Егер ауыру, қорқу, қайғыру сезімдері қатты эмоциялық жауап берсе, ол гиноздан шыққан кейін де сақталуы мүмкін. Сондықтан ол процедурадан соң да жағымсыз сезімдерді сезе береді.

Бұл ғылым халық арасында қарама-қайшы пікір тудырады. Сондай-ақ кей регрессологтар рухтың көшуі, адамның өткен өмірі жайлы айтып, сол жолды насихаттайды. Бұл жерде реинкарнация түсінігі туындайды.

Бұл ұғымдар жайлы шариғатта не делінген? ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы реинкарнация ислам дініне түбегейлі қайшы екенін айтты.

"Реинкарнация дегеніміз – адамның жаны тәнінен шыққаннан кейін басқа денеге ауысуы немесе адамның рухы басқа денелерге көшіп жүруі. Яғни бұл сенімдегі адамдардың түсінігі бойынша, адам өлгеннен кейін оның рухы басқа нәрсеге ауысады. Реинкарнацияның түрлері бар: адамнан адамға өтуі, кейін адамнан жануарға өтуі, адамнан өсімдікке өтуі, адамнан жансыз нәрселерге өтуі. Жамағаттың сенімі бойынша, реинкарнация сенімі ислам дініне түбегейлі қайшы. Ислам дінінің сеніміне мүлдем тура келмейді. Өйткені бұл сенімдегі адамдар ақыретті, қияметті, есеп-кітапты, есеп беруді, жәннат пен тозақты, қайта тірілуді - бұлардың бәрін жоққа шығарады. Ислам сенімі бойынша, адам дүниеден өткен соң бұл дүниеге қайтып келмейді.

Сондықтан да реинкарнация ұғымы ақылға да, нақылға да, яғни құранда, хадисте де келген нәрселерге, ешқайсысына сай келмейді. Оған сену адамды адастырушылыққа, күпірлікке алып барады. Сондықтан біз мұндай нәрселерден сақ болуымыз керек", - деді маман.

А. Жапатова