Өскемендік шенеуніктер шұрқ тесікті жолдарды ескі асфальтпен бітемек

Қазір қармен бірге Өскемендегі кей көшелердің тасжолы қоса ери бастаған. Сондықтан бұған дейін қолданылған асфальтты қайта іске жарату ең дұрыс шешім болып саналыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жұмысты жалғастыру үшін қосымша қаржы бөлінбеген. Қала ішіндегі шұңқырларды өткен маусымда пайдаланылған фрезерленген асфальт қоспасымен бітеу жоспарланған. Жауапты тұлғалар мұның мәселенің шешімін уақытша табу үшін атқарылып жатқан жұмыс екенін айтады.

 

"Кетуі кеткен жолдар көліктердің жүруін одан әрі қиындатпас үшін уақытша күтіп ұстау жұмысын қолға алып жатырмыз. Себебі көктем уақытында қар еріп, сел болып аққанда тасжолдың талайы қирайды", - дейді "Таза Өскемен" мекемесі өкілі.

Қала тұрғындары Меновное ауылына апаратын жол, Жеңіс даңғылы, Қасым Қайсенов, Астана көшелерін назарға алуды сұрады. 

"Былтыр пайдаланылған асфальтты қайта іске жарату деген қайдан шыққан? Әкім тұратын көше жолдарына қарап көз сүйсінеді. Неге үнемі балшық кешіп жүруіміз керек", - деді Ахмер кентінің тұрғыны Азат Мақсұтов.

Ескі асфальт төселетін көшелер тізімі ұсынылды:
• Крылов көшесі (Әуезов даңғылынан Жеңіс даңғылына дейінгі аралық):
• Қасым Қайсенов көшесі;
• Антон Чехов көшесі;
• Қабанбай батыр көшесі;
• Үлбі көпірі және басқа да учаскелер.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!