Кеңес өкіметі кезінде салынған көпір ауыл тұрғындарына қауіп төндіріп тұр

Кеңес өкіметі кезінде салынған көпір ауыл тұрғындарына қауіп төндіріп тұр

Шығыс Қзақастан облысындағы Бозанбай ауылында көп жылдан бері шешімін таппаған мәселелер бар. Мәселен, жарығы жанбайтын көше, тозығы жеткен көпір - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындардың сөзінше, осыған дейін түрлі мәселелерді шешеміз деп сайлауалды бағдарламаларын ұсынған депутаттар түйткілдерді тыңдау үшін атізін салмайтын да көрінеді. Әсіресе, мәселе Абай, Новостройка көшелерінде шыққан. Аудан әкімдігінің өкілдері кейінгісі Көктау болып өзгертілгенін айтты. Абай көшесі мен Көктауды жалғап тұрған ағаш көпір кез келген уақытта сынып кетуі мүмкін.

"Осы көпір арқылы бала-шағамызды күнделікті сабаққа, балабақшаға апарамыз. Әзірге қар бар, тым қауіпті болса сонымен өтеді. Көктемнің алғашқы айы да бітті, қар ерісе, осы көпірге тәуелді болатынымыз анық. Әкімдік өкілдері өздері келіп, көздерімен көрсе ғой. Абай көшесі - қараусыз қалған мекенжайлардың бірі. Өзі 150 метрдей жер ғана. Қыста депутат келіп, КА-700 техникасының жүргізушісіне қолын сілтеп-сілтеп, бірдеңені көрсетті. Ол бір көшені күрегенімен, біз жаққа тізгін бұрмады", - деді Амангелді Қасенов.

Сол Абай көшесінде жарық та толық тартылмаған. Кешке балабақшадан қайтқан бүлдіршіндерге қауіпті, ал хәкім есімі берілген көше көп жылдан бері тозып тұр. Аудан әкімдігіндегілер көпірдің ескіріп тұрғанын растады. Әкімдік мәліметінше, Бозанбай ауылында 24 көше бар.

"Бұл кеңес одағы кезінде салынған көпір. Бұл мәселе бойынша биыл көпірді өз күшімізбен жөндеуді жоспарлап отырмыз. Абай көшесі жарықпен жартылай қамтылып тұр, 13 жарық желісі орнатылған", - деді аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасов.

Ағаш көпірдің арасындағы ашық жерлер балақайлардың әлдебір жарақат алу ықтималдығын арттыра түскен. Ауыл тұрғындарының айтуларынша, көпірден бірге өтпесе, кішкентайлар жазым болуы мүмкін. Түйткіл түйіні тарқамаса, тұрғындар облыс әкіміне шағымдануға ниетті. Аудан басшылары жағдайдан хабардар екенін, биылдан қалмай шара қолданылатынын мәлімдеді.

"Бозанбай ауылында орналасқан С.Дүйсембаев, Көктау, Ізғұтты Айтықов (жарықпен қамтылған бөлігі) және Абай көшелеріне жарық желісін орнату 2024 жылғы жоспарға енгізілген. Осы жоспарға сәйкес смета әзірленіп, бюджет өтінім тапсырылмақ", - деді аудан әкімінің орынбасары.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы