Қалада тұрса да, әжетханасы далада. ШҚО-да 1000-нан асa тұрғын апатты үйде тұрып жатыр

Қалада тұрса да, әжетханасы далада. ШҚО-да 1000-нан асa тұрғын апатты үйде тұрып жатыр

Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Шығыс өңірінде 18,5 мыңнан астам көпқабатты үй бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми мәліметтер 1970 жылға дейін 47,5 мың астам үй салынған десе, өскемендіктердің кейбірі одан да ескілерінде ғұмыр кешіп келеді. Әсіресе Гавань деп аталатын аумақта көп. Қаладан тым шеткері емес, әйтсе де тұрып жатқандардың дені қарт адамдар. Айталық, Александр Гофман есімді зейнеткер 1940 жылы салынған үйден кеткісі келмейтінін айтты. Қирап тұрса да қимайды. Былтыр үйдің төбесі опырылып түсіп, құлаған бөлігі әйелінің аяғын басып қалыпты.


"Өзім төсектің астына тығылып үлгердім. Жас күнімде спортпен айналысқаным бар, қимылымыз ширақ. Бірақ әйелім әлі де аяғын сылтып басады", – деді қарт.


Гаваньдағы Гвардейский көшесінің жұрты осыған дейін өз күштерімен үйдің шатырын жауып, су өтетін жерлерді бітеген көрінеді. Одан ары ұмтылып көрейік десе, қалталары көтермейді. Гвардейский көшесіндегі №16 үйдің жетекшісі Марина Алексеева мұның алдында ағаштан жасалған баспана болғанын айтты. Соларды бұзып, тұрғындарын кірпіш үйге көшіреміз деген әкімдік өкілдері айтқан уәделерін орындай алмапты. Зейнеткерлер кірпіш үйге емес, қирап тұрған баспанаға қоныстанған.


"Қазір ескі үйлерді бұзу, жөндеу, және мемлекет тарапынан берілген апаттық жағдайдағы баспана тұрғындарын көшіру бойынша бағдарлама жоқ. Жұмысын тоқтатқан. Өскемен қалалық мәслихатының 2010 жылғы 8 ақпанындағы шешіміне сәйкес бақылауға алынбайды", – деді қалалық тұрғын үй қатынас бөліміндегілер.


Қызығы сол, Гвардейский көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің әжетханасы күні бүгінге дейін далада орналасқан. Тағы бір мәселе, орталықтандырылған жылыту жоқ.


"Қалада тұрады демесеңіздер, көбі даладағы әжетханаға барады. Терлеп, кірлеп кетсе жөнді жуынатын жер де жоқ. Монша салып алғандары бар. Таныс ешкімің жоқ болса, беті-қолын үйінді қарға жуа ма?" – деді Марина Алексеева.


Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, облыстағы 47 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда деп танылған. Онда 1000-нан астам адам тұрып жатыр. Сайып келгенде, өңірдегі баспаналардың жартысынан астамы осыдан 50 жыл бұрын салынған.


Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы