Оралдағы көше тұрғындары ақ боз үй тігіп, қазан көтерді

Оралдағы Гринько көшесінің тұрғындары биылғы ұлыстың ұлы – күні Наурыз мейрамын ерекше атап өтті. Көше тұрғындары бәрі бірігіп, ақ боз үй тігіп, қазан көтеріп, тойға келген балаларға ұлттық мейрамның маңызын ұғындыруды мақсат етіпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күн көтеріле бастаған шақтан-ақ, Гринько көшесі мерекелік күйге бөленді. Әуезді, дәстүрлі әндер шырқалып, қазанға піскен бауырсақтың иісі көше тұрғындарын әдемі сезімге бөледі. Мерекемен құттықтай келген барша қонаққа мерекелік дастарқаннан дәм ұсынылды. Жиналған балалар асық ату, арқан тарту тағы басқа ойындарға қатысып, мәре-сәре болысты. Мерекелік шарада қонақтарға бас тарту, төс тарту кәделері жасалып, халық әндері шырқалды.

Наурыз мейрамын ұйымдастырушылардың бірі Мұса Омаров ырыс пен ынтымақты нығайтатын күн балалардың есінде қалу керек деп есептейді.

"Көшемізбен кең көлемде ұлттық мерекемізді атап өтсек деген ойымызды жиі айтып жүретінбіз. Бірақ пандемия басталып, сәл кейінге қалдыруға тура келді. Осы көшеде ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелер көп. Кілең үлкендер отырып, өсіп келе жатқан балаларымызға ұлттық салт - дәстүрімізді көрсетіп,батамызды берсек деп ойлайтынбыз. Бүгін сол ойымыз іске асып, көршілерімен бірге наурыз тойын тойлаудамыз. Барымызша ұлттық тағамдардан бастап, балаларға ұлттық ойындар ойнатып, бәріне мән беруге тырыстық. Барша қазақ халқын ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын", - дейді Гринько көшесінің ақсақалдарының бірі Мұса Омаров.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!