Намаз оқымасаң, оразаң қабыл болмайтыны рас па?

Намаз оқымасаң, оразаң қабыл болмайтыны рас па?
Фото: ru.freepik.com

Халық арасында намаз оқымасаң, ұстаған оразаң да қабыл болмайды деген секілді сөздер бар. Алайда ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы оны жоққа шығарып, түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Негізі, бұл сөз дұрыс емес. Адамдардың мұндай сөздерді айту кезінде қандай дәлелдерге сүйенгенін де білмейміз. Негізі, жалпы, қандай да бір құлшылықтың қабыл болуы үшін өзі шарттар қойылған. Мысалы, ниет және ықылас болу керек.

Мысалы, оразаға келетін болсақ, балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс мұсылман адам болуы керек. Бірақ біз осы оразаның шарттарын қарайтын болсақ, ішінде ол адам намаз оқу керек деген сияқты шарт таппаймыз. Яғни, ораза ұстайтын адам міндетті түрде намаз оқу керек деген шарт жоқ. Сондықтан да бұл жалпы ораза болсын, намаз болсын, әлбетте, ислам дінінің негізгі тіректерінен болып саналады. Сондықтан да, әлбетте, намаз оқымаған адам өзі намаз оқымағаны үшін күнә алады, бірақ егер ол ораза ұстайтын болса, ол Рамазанның оразасы адамға парыз болғандықтан, сол ұстаған оразасымен Рамазан айының оразасы оның мойнынан түседі. Яғни ол ертең қияметтен сұралмайды.

Бұл Алла Тағалаға жақындататын өз алдына жеке дара құлшылық. Сондықтан да намаз оқымаған адамның оразасы қабыл емес деген сөз негізсіз ешқандай дәлелсіз сөз десе болады", - деді маман.

А. Жапатова