"Өмірінде макияж жасатып көрмеген". Көше тазалап жүрген әйел TikTok жұлдызына айналды

Желіде Алматыдағы көше тазалаушы әйелдің адам танымастай өзгерген видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Tengri Life басылымының редакциясы видео авторы Сабина Мовлаевамен сұхбаттасты. Бұл видео 2 миллионнан аса қаралым мен 2 мыңнан аса пікір жинаған. Видео авторының айтуынша, ол бұл идеясын көптен бері жүзеге асырғысы келген. Сабина дәл осындай тәжірибе жасауға шабыттандырған ұқсас видеолар көрген.

@sss.sabinaa

♬ Chopin Nocturne No. 2 Piano Mono - moshimo sound design

"Бір-екі күн бұрын Абай көшесімен келе жатып, Шамшар апайды көрдім. Мен бірден тоқтадым да, сырт келбетін өзгертіп көруді ұсындым. Әрине, алдымен қарсы емес пе деп сұрадым, сосын мен оған жоспарымды айтып бердім", - дейді 25 жастағы бойжеткен.

Шамшар апай үшін бұл күтпеген ұсыныс болды. Бірақ әйел Сабинаның ұсынысына келісті. 

Сабинаның айтуынша, көше тазалаушы әйел мұндай макияжды алғаш рет жасаған. Мұндай өзгерістен Шамшар апай қуаныш пен ризалықтан көзіне жас алды.

"Ол өмірінде макияж жасатып көрмегенін айтты. Шамшар апай айнадан өзін көргенде қатты қуанды", - дейді Сабина.

Сырт келбеті өзгергеннен кейін Сабина мен Шамшар апай мейрамханаға барған, оны тағы бір тосынсый күтіп тұрған. Күні бойы әйел таңғалып, алғыс айтып, қуаныштан жылай берген. Өйткені әйел үшін қарапайым күн нағыз мерекеге айналған.

"Видеоны жариялағаннан кейін Шамшар апайға көмектесемін деген ниетпен адамдар хабарласа бастады, оған қолдау көрсеткісі келетін демеушілер табылды", - деп түйіндеді Сабина.

Айта кетейік, бойжеткен әйелдің сырт келбетін өзгерткеннен басқа, оған азық-түлік сатып алған. Сабинаның айтуынша, әлі күнге дейін бұл әйелге көмек көрсетемін дейтін еріктілер бар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!