Әлемдегі ең бақытты елдер-2023 тізімі шықты: Қазақстан нешінші орында?

Әлемдегі ең бақытты елдер-2023 тізімі шықты: Қазақстан нешінші орында?
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Биыл жарияланған World Happiness Report есебінде Финляндия "Әлемдегі ең бақытты ел" рейтингінде алтыншы рет көш бастады.

Бұл туралы бүгін, 20 наурыз, Халықаралық бақыт күнінде Нью-Йоркте таныстырылған жыл сайынғы "Жаһандық бақыт" туралы баяндаманың қорытындысында айтылған.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысына және Финляндияның НАТО-ға кіруіне байланысты Еуропадағы қауіпсіздік жағдайының айтарлықтай нашарлауына қарамастан, бұл Скандинавия елі алтыншы жыл қатарынан бақыт рейтингінде көш бастады.

Үздік бестікте Дания, Исландия, Израиль және Нидерланды, одан кейін Швеция, Норвегия, Швейцария, Люксембург және Жаңа Зеландия бар. Германия бір жыл ішінде рейтингте екі саты төмендеп, 16-орынға жайғасқан. Салыстырмалы түрде жоғары орындарды Балтық жағалауы елдері – Литва (20), Эстония (31) және Латвия (41) иеленді. Баяндамада көрсетілген 137 елдің ішінде Сьерра-Леоне, Ливан және Ауғанстан ең бақытсыз елдер тізімінде соңында тұр.

Бұл ретте Қазақстан 44-орында, көршілеріміз – Өзбекстан 54-орында, Қырғызстан 62-орында, Ресей 70-орында тұр.

Баяндама авторларының айтуынша, жалпы алғанда, 2020-2022 жылдары планета тұрғындарының басым бөлігінің өмірге деген бағасы пандемияға және басқа да дағдарыстарға қарамастан тұрақты деңгейде қалды. Кейінгі  үш жылдағы көрсеткіштер алдыңғы үш жылмен салыстырғанда орта есеппен жоғары болған. Сарапшылардың айтуынша, бақыт пен әл-ауқат халық арасында мүмкіндігінше біркелкі бөлінген елдерде адамдар өзін бақыттырақ сезінеді.

Жыл сайынғы жаһандық бақыт есебін Америка Құрама Штаттарының ғалымдары Gallup International социологиялық ұйымдар қауымдастығы кейінгі үш жылда жүргізген сауалнамалар негізінде дайындайды. Бақыт индексі алты негізгі критерий – әлеуметтік қолдау, табыс, денсаулық, еркіндік, жомарттық және сыбайлас жемқорлықтың болмауы бойынша есептеледі.

Айта кетейік, бұдан бұрын неліктен финдер әлемдегі ең бақытты адамдар екенін жазған едік.

Т. Раушанұлы