Жастар үні: жас депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктелген

Жастар үні: жас депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктелген

Жас депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұл туралы бүгін "Жастар Үні" жас кандидаттарды қолдау блогының өкілдері есеп беру баспасөз брифингінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оған журналистер Ерқанат Көпжасарұлы, Ақбопе Тәңірберген, Нұрсұлтан Құрман және жас депутат Дәулет Мұқаев қатысты.

"Блок 20 ақпанда Алматы қаласында құрылды. Жастардың Мәжіліс пен мәслихаттардағы өкілдігі 30 пайыз квотаны жабу үшін ғана емес, жас кандидаттарға қолдау көрсету идеясы бізді алға тартты. Бүгінгі таңда 100-ден аса жастарға қолдау көрсетілді. Ең бастысы, біз оларды партиялар немесе салалар бойынша бөлмей, барлық жүгінген кандидатқа көмектестік. Әрине, біздің аудиториямыз бар болғандықтан, негізінен әлеуметтік желілерде ақпараттық қолдау көрсетілді. Жұмысымыздың маңызды көрсеткіштерінің бірі - жас кандидат, қоғамдық пікір көшбасшысы Дәулет Мұқаевтың жеңісі", - деді журналист Ерқанат Көпжасарұлы.

"Жастар Үні" бастамашыларының бірі Ақбопе Тәңірберген партия тізімдерінде жас кандидаттардың өкілдігі туралы статистиканы келтіріп, блоктың жұмысы жалғасатынын айтты.

"Кеше біз де барлығымен бірге алаңдап, атқарылған жұмыстың көрінісі бола ма екен деп, нәтижелерді күттік. "Жастар Үні" партияға қатыстылығына қарамастан, өтініш білдіргендердің барлығына қолдау көрсетті. Алайда біз өзіміз үшін партия тізімдерінде жас кандидаттардың ұсынылуы бойынша статистика жасадық. Мысалы, 19 адамның ішінен 1 жас кандидат Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия тізімінде, "Ақ жол" 54 адамның 6-сы, "Байтақ" 18-ден 1-і, "Республика" 25-тен 5-і, AMANAT 90-нан 17-сі, "Халық" партиясы 52-ден 3-ін ұсынды, "Ауыл" партиясы 25-тен 9-ы. Көрсеткіштер бар, енді біз бұл жас үміткерлердің экзит пуллдың соңғы нәтижелеріне сәйкес тізімге енгізілуі бойынша бақылаймыз", - дейді ол.

Сондай-ақ, блок өкілдері қазір қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.

"Қазір біз хаттамаларды тексеріп, партия тізімдерінің жариялануын күтіп отырмыз. Жас депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап өткім келеді, өйткені оларды жас сайлаушылар, қоғамдық пікір көшбасшылары қолдайды. Олар шынымен де, Парламентке жаңашылдық әкелетініне және заң шығарушы органдарды "оята алатынына" сенімдіміз", - дейді Нұрсұлтан Құрман.

Айта кетейік, "Жастар Үні" блогының бір айлық қызметі кезеңінде жас кандидаттарды ақпараттық қолдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Мысалы, подкасттар түсірілді, блогтар шықты, посттар жарияланды және тағы басқалар. Бүкіл ел бойынша 100-ден аса адам қамтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова