Қазақстанда сайлау учаскесіне төрт адам мас күйінде келген

Қазақстанда 19 наурызда сайлау учаскелерінен барлығы 32 азамат шығарылған. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев "Сайлау-2023" онлайн марафоны кезінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, құқық бұзушылықтардың негізгі себептері - сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау, учаскеде видеотүсірілім жасау, комиссия мүшелеріне дөрекі мінез-құлық көрсету. 

Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында бюллетеньдерді бүлдірудің 3 дерегі тіркелген.

"Сайлау учаскесіне мас күйінде келіп, қоғамдық тәртіпті бұзудың 4 фактісі анықталды. Олар Алматы, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары бойынша. Құқық бұзушыларға қатысты Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 444-бабы және 434-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция қызметкерлері штаттық режимде өз қызметін жалғастырып жатыр", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезінде 19 тұлғаның заң бұзғанын хабарлаған едік.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!