"Ауруды екіге бөліп қарастыру керек". Науқас адамның ораза ұстамауына бола ма?

2023 жылы қасиетті Ораза айының басталар күні белгілі болды. Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 20 сәуірде аяқталады. Осы орайда көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап іздеуді жөн көрдік. Солардың бірі - науқас адамға ораза ұстамауға бола ма? Бұл сұраққа fatua.kz парақшасында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алла Тағала құран кәрімде кімде кім Рамазан айында ауру немесе сапарда болса, онда ол басқа күнінде орнын толтырсын деген. Бұл жерде Алла Тағала ауру адамға ораза тұтпауға рұқсат етіп тұр. Енді ауруды екіге бөліп қарастыру керек.

Бірінші - созылмалы, емделмейтін, емі жоқ ауру. Мұндай ауруға шалдыққан адамдар егер оған ораза ұстау қатты қиындық тудыратын болса, онда ол ораза ұстамайды. Тіпті, қазасын да өтемейді. Бәлкім, ол оразаның әрбір күніне фидия өтейді. Яғни, міскінді таңертеңгі және кешкі асын беріп тойдырады.

Екіншісі - емделетін аурулар. Мұндай ауруды кітаптарда қатты бас ауырса, көз ауырса, жарақаттанса деп келтіреді. Яғни ораза тұту науқас адамның жағдайын нашарлатып жіберсе немесе оның дертінің жазылуын баяулататын болса, онда оған аузын ашуға рұқсат етіледі. Кейін ол сол күндердің қазасын өтеп береді", - деді маман.