Қай өңірде, не себепті жол апаты көп болатыны анықталды

Биыл жыл басынан бері екі айда 236 адам жол апатынан қайтыс болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министрлік мәліметінше, екі айда жалпы 1715 жол апаты болып үлгерген. Ең көп Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында болады. 

"Апаттың жай-күйін талдау жолдардағы өлімнің көрсеткішіне жылдамдық режимінен асыру, маневр жасау қағидаларын сақтамай, соның салдарынан аударылу, сондай-ақ автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуы және жаяу жүргіншілерді қағып кету сияқты ЖКО түрлері әсер ететінін көрсетеді. Апаттардың тағы бір маңызды себебі - көлік жүргізу тәртібінің төмендігі", - делінген Massaget.kz сайтының сауалына берілген жауапта. 

Ал былтыр 12 айда 14 834 жол апаты болған: 2 425 адам қаза тауып, 19 135 адам жараланды. Министрлік мәліметінше, камералар жол тәртібін бейімдеуге септігін тигізген. 

"Осы камералардың көмегімен былтыр анықталған ереже бұзушылықтар бойынша 6 миллионнан астам қаулы шығарылып, 68 миллиард теңгеден аса айыппұл салынса, соның 54 миллиард теңгеден астамы өндірілді. Қалғаны өндірілу үстінде", - дейді ведомство өкілдері. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!