Азаптау ісіне қатысты жауапкершілік: Тоқаев заңға қол қойды

Азаптау ісіне қатысты жауапкершілік: Тоқаев заңға қол қойды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу және сотталған адамдардың құқығын кеңейту туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Бұл заң - елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанда азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ, сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы", - делінген хабарламада.

Соның ішінде құжатта мынадай нормалар қарастырылған:

- қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;
- азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;
- заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Сонымен қатар, заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:

- Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады;
- Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын);
- Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;
- Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынатындай мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова