Қазақстанда жаңа арнайы экономикалық аймақ пайда болды

Үкімет қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында ауданы 30 мың гектар G4 City арнайы экономикалық аймағы құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Экономикалық аймақ Алматының солтүстігінде, ұзындығы - 80 шақырым А3 тас жолының (Алматы-Қонаев) бойында орналасқан, оның аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді. Жаңа экономикалық аймақ G4 City интеграцияланған қаласын құруға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы климат ұсынылады, бұл өз кезегінде бүкіл аймақтың дамуына жаңа серпін береді.

Мәселен, 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде шамамен 3,7 триллион теңге көлемінде инвестиция тарту, құны 17 триллион теңгеден аса қызметтер мен тауарлар өндіру, сондай-ақ, 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы, жаңа экономикалық аймақтың қызметі G4 City-де туризм, медицина, көлік-логистика, білім беру және мәдени-демалыс салалары инфрақұрылымының жедел дамуына септігін тигізеді деп жоспарланады. Сонымен қатар, АЭА режимі нысандарды салуға кететін негізгі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. 

Еске салайық, G4 City даму тұжырымдамасына сәйкес интеграцияланған қала төрт ауданнан тұратын болады: Gate City - іскерлік және қаржылық орталық, Golden District - білім беру және медициналық хабы, Growing District - инновациялық-индустриялық және сауда-логистикалық аймақ, Green District - туристік кластер. G4 City-де шамамен 2,2 миллион адам тұрады деп болжанды.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!